$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2020, 09:49
Үкімет

Базарлардың бірде-бірі заман талабына сай емес – Сауда министрі

Ал, қоймалардың тапшылығы 70 пайызды құрап отыр

Базарлардың бірде-бірі заман талабына сай емес – Сауда министрі
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда азық-түлік бағасының тұрақсыздығына қоймалардың жетіспеуі әсерін тигізеді. Бұл жайында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ел бойынша көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70%-ды құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жетеді. Бұл өнім шығынына және оны ұзақ мерзімде сақтап қалу мүмкіндігінің болмауына алып келеді. Мәселен, көкөніс пен жемістің шығыны – 19%, ет пен сүт өнімдерінің шығыны 5%-ды құрайды. Кәсіпкердің осы секілді барлық шығыны өнімнің түпкілікті бағасына әсерін тигізеді», - деді ол Үкімет отырысында.

Ал, еліміздегі барлық 750 базардың инфрақұрылымы дұрыс емес. Оларда да қойма жетпейді.

«Базарлардың 51% стационарлық емес. Базарлардың бірде-бірі қазіргі заман талаптарына сай емес. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарларда тауар ағындарын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ. Бұл ретте, өндірушілердің сөрелерге қол жеткізу тетігі бұрмаланған баға негізін, әділетсіз сауда үстемесін және белгілі кезеңдерде бағалардың негізсіз өсуін құрайды. Қалаларымызда карантин енгізілуіне байланысты ажиотаж осы мәселелерді тағы да айқындап берді», - деді ол.

Аталған проблемаларды шешу үшін Үкімет көтерме-тарату орталықтарын салатын болды. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылық тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында бой көтереді. Оларға 600 мың тонна азық-түлік сыяды.

«Келесі екі кезеңде республикалық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін, сондай-ақ, көтерме-тарату орталықтарының ауқымын ескере отырып, инвестицияларды тартудың тиімді тетігі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін қолданамыз. Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайды. Тауар өткізу жүйесін құру шамамен 10,5 мың, оның ішінде құрылыс кезеңіне 4,2 мың, объектілерді пайдалануға 6,3 мың маман тартуға және жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 2022 жылға қарай көлемі жылына 4,8 млн. тонна қуатты құрайтын тетікті әзірлеп ұсынамыз», - деді Б.Сұлтанов өз жоспары туралы.

Премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов та қоймалардың тапшылығы 70%-ды құрайтынын, 4,7 млн тонна азық түлікке орын жетпейтінін мәлімдеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары