«Қазақтелеком» тариф құнын өз бетімен өсіре алмайды – Еділ Жаңбыршин

Azattyq Rýhy

Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне әсер етеді 

«Қазақтелеком» тариф құнын өз бетімен өсіре алмайды – Еділ Жаңбыршин
Фото: «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі

Егер «Қазақтелеком» қызметтерге тариф құнын көтерсе, бұл Мәжіліс отырысында талқыланады. Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин осылай деді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналистердің «Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ басшылығына келген соң тарифтер құны қымбаттай ма» деген сауалына жауап берді.

«Есімде, 7-шақырылым кезінде байланыс мәселелері жөніндегі отырыстың бірінде ол «Қазақтелеком» менің қолымда емес, қолымда болса, бір күнде бәрін шешемін ғой» деді. Енді көрейік, уақыт берейік, бір күнде шеше ме екен, шешпей ме екен», - деді мәжілісмен.

Депутат тариф мәселесі бойынша әркім өзінің ойына келген бағаны қоя алмайтынын ескертті.

«Бізде Табиғи монополияны реттейтін комитет бар. Бұл бағалар реттеледі. Бұл қоғамдық маңызы бар мәселе. Егер «Қазақтелеком» бағаны өсірсе, бұлар бақылайды. Резонанс туғызатын болса, Парламентке шақырып, тыңдауға құқығымыз бар», - деді Жаңбыршин.

Естеріңізге сала кетейік, 10 маусымда бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Мусин Астанадағы интернет Токиоға қарағанда жақсы жұмыс істейді деген мәлімдемесімен танымал.

«Қазақтелеком» АҚ 1 шілдеден бастап тарифтерді көтереді. Осыған орай Бәсекелекстікті қорғау және дамыту агенттігі компанияға ескерту жолдады. 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.