Тариф құны қымбаттайды: Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Қазақтелекомға» ескерту жолдады

Azattyq Rýhy

Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне әсер етеді

Тариф құны қымбаттайды: Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Қазақтелекомға» ескерту жолдады
Фото: «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі

«Қазақтелеком» АҚ 1 шілдеден бастап тарифтерді көтереді. Осыған орай Бәсекелекстікті қорғау және дамыту агенттігі компанияға ескерту жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Курсивке сілтеме жасап.

«Қазақтелеком» АҚ 2024 жылғы 20 мамырында өзінің интернет-ресурсында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап тарифтердің көтерілуі туралы ақпарат жариялады. Байланыс туралы заңнамаға сәйкес байланыс қызметтеріне тарифтерді байланыс операторлары тек негізделген шығындар бойынша белгілейді»,- делінген агенттік хабарламасында.

Атап айтқанда, «Қазақтелеком» үй интернеті қызметтерін, сондай-ақ ұялы байланысы бар пакеттік қызметтерді қамтитын тіркелген байланыс бойынша 51 мұрағаттық тарифтік жоспарға өзгерістер туралы хабарлаған болатын.

Осыған байланысты, БҚДА Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты заңнаманы бұзуға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдаған.

Айта кетсек, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап архивтегі тарифтік желінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша бағалардың көтерілетіні туралы хабарлады. 51 тарифтік жоспардың бағасы 5500 бен 11000 теңге аралығында бекітілген. Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне әсер етеді.

Бүгінде құрамына Tele2 және Kcell кіретін «Қазақтелеком» тобы отандық телекоммуникация нарығында басымдыққа ие. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жеткен. Ал ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан. Осыған байланысты нарықты демонополизациялау мақсатында «Қазақтелеком» компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін шығару шаралары жүргізілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.