42 500 теңгені кім қайтаруы тиіс – министр жауабы
Әлеуметтік төлем 3 млн 900 мың адамға тағайындалған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге алғаны үшін ешкім қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын айтты. Бірақ төтенше жағдай уақытында жалақысынан айрылмаған, бірақ 42 500 алғандар үшін бөлек жауапкершілік бар.
«Бірде-бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Заңгерлерден сұрасаңыз, олар да біледі. Бұл – әлеуметтік төлем. Елде төтенше жағдай болмаса да, елде басым халықтың табысы аз, жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы, жәрдемақы көлемі көп емес. Сондықтан осы төлемақыны алсам ба деген адамдар көп. Бірақ ресми, бейресми жұмыс істегендер болсын, ЖК болсын, ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз, үйлерді араламаймыз. Төленді ме, алып жаратыңыз», - деді министр.
Дегенмен, төтенше жағдай уақытында тұрақты жалақы алып отырғандар қайтарып бермесе, оларға сұрау болады.
«Жалдамалы жұмыс істейтіндерді жұмыс берушілер мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберсе ғана 42 500 теңге ала алады. Басқа жағдайда алуға болмайды. Тұрақты жалақы алып жүргендер, жұмысы жүріп тұрғандардың алуы заңбұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес. Ақша мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр, олар мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға, жүкті аналарға, босанғандарға ақша төлейді. Сол қаражатқа жауапты болған соң бұйрығы жоқ, ақысыз демалысқа жібермегендерге сұрау жасайды да, кейін қайтаруды талап етеді», - деді бұл жайында министр.
Министр Мемлекеттік сақтандыру қоры кейін әлеуметтік көмекті заңсыз алғандарға талап қоятынын айтты.
«Тәртіп болу керек. Бірінші күннен айтып жүрдік. Жалдамалы қызметкерлер, сіздерді ақысыз демалысқа жіберсе ғана 42 500 теңгеге өтініш бере аласыз. Сізде демалыс жоқ екен, қателестіңіз. Сіз өзіңіз соны дұрыс болмады деп қайтарам десеңіз, қайтарыңыз. Қайтармаймын десеңіз, әрине, ол жай қалмайды. Мемлекеттік сақтандыру қоры кейін талап қойып, қайтару жөнінде бәрібір өтініш жасайды. Сондықтан ақысыз демалысқа шықпаған болсаңыз, жұмысыңыз жалғасып, тұрақты жалақы алып жүрсеңіз, қайтара салғаныңыз жөн болады», - деді ведомство басшысы.
Ал егер табысын расымен жоғалтып, 42 500 теңгені заңды жолмен алса да, қорыққанынан қайтарып берген азаматтардың әлеуметтік көмек алу үшін қайтадан өтініш беруіне болады. Ол үшін 42500@enbek.kz немесе 42500@gfss.kz поштасына жағдайын түсіндіріп, хат жазу керек.
Министрлік 42 500 әлеуметтік төлем бойынша 3 млн-ға жуық азаматтың өтінішінен бас тартқан. Бас тартуға өтінішті қате толтыру, тағы басқа жағдайлар себеп болған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан