$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.04.2020, 18:22
Үкімет

20 күнде салынып бітетін Нұр-Сұлтандағы госпиталь құрылысы қалай жүріп жатыр

Госпиталь жоспар бойынша 28 сәуірде тапсырылуы тиіс

5 сәуірде Елордада жұқпалы ауруларға арналған жаңа госпиталь құрылысы басталды. Құрылысқа жауапты BI Group компаниясы 200 орынға арналған мекемені 15-20 күннің ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын айтты. Жоспар бойынша, жақын арада құрылыс та аяқталуы тиіс. Жақында құрылыс компаниясының баспасөз қызметі 200 орындық жаңа аурухана құрылысы қарқынды жүріп жатқанын хабарлады. Енді ішкі байланыс сымдары, кәріз жүйесі мен су құбырлары қойылып жатыр.

Azattyq Ryhy тілшілері Нұр-Сұлтан қаласы орталығынан 15-20 шақырымдай жерде орналасқан құрылыс алаңына барып қайтты.

Жер алдын ала дайындалып, құрылыс 5 сәуірде басталған. Кірпіш қалап, бетон құрастыруға уақыт шығындамас үшін отандық ModeX зауытының дайын модульдік темірбетон блоктары қойылып жатыр.

Құрылыс алаңында 500-ге жуық адам жұмыс істеуде. Жоба жетекшісі Арман Лесбековтің айтуынша, елорда жанында салынып жатқан госпиталь 25 немесе 28 сәуірде тапсырылады.

Құрылысшылар үш ауысыммен, 24 сағат бойы жұмыс істеп жатыр. Жобаның нақты құны салынып біткен соң анықталады.

Госпитальдің әр паласында өз дәретханасы болады. Одан бөлек, ауруханада арнайы ауа сүзетін жүйе орнатылған. Есік пен терезеден ауа өтпейді.

Салынып жатқан нысан коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін де инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істей береді.

Еске сала кетсек, 3 сәуірде ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның ірі үш қаласында (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) жұқпалы аурулар ауруханаларын салу туралы шешім қабылдады. Алматыдағы нысан 280, Шымкенттегісі 200 орынға арналған.

Серіктес жаңалықтары