Бірінші Оралды, екінші Атырауды күшейтеміз – Олжас Бектенов
Қазақстан бойынша су басқан аймақтардан барлығы 97 мың тұрғын эвакуацияланды
Батыс өңірлерді үлкен судан қорғау үшін 10 мыңнан астам әскери қызметші күш салады. Бұл туралы у тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық Штабтың жұмыс кеңесін өткізген премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Премьер-Министр қорғаныс және ішкі істер министрлеріне қажет болған жағдайда қосымша жеке құрам мен техника жіберуді тапсырды.
«Орал мен Атырау бойынша күшті барынша жұмылдыру қажет. Қазір үлкен суды елді мекендерге жеткізбей, бұрып әкету маңызды. Бүгін қосымша әскери қызметшілер мен техника жіберіле бастады. Су ағысының қарқынын ескере отырып, бірінші кезекте Оралды, одан әрі Атырауды күшейтеміз», — деді Олжас Бектенов.
Вице-премьер, Штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ресей Федерациясынан Жайық өзені арқылы үлкен су келе жатқанын ескертті. Болжам бойынша ең қауіпті кезең – сәуірдің соңғы онкүндігі болады.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауады. Сақмар өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Болжам бойынша, Жайық және Сақмар өзендерінің жоғарғы жағынан сәуір айының екінші онкүндігінде Батыс Қазақстан облысының аумағына су келеді.