$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.03.2024, 23:57
Үкімет

Қазақстан мен Катар Үкіметтері құны 17,6 млрд доллар болатын инвестициялық жобаларды іске асыруға кірісті

Олжас Бектенов Қатар Премьер-министрімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді

Қазақстан мен Катар Үкіметтері құны 17,6 млрд доллар болатын инвестициялық жобаларды іске асыруға кірісті
Фото: t.me/KZgovernment

20 наурыз күні Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Қатар мемлекетіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дохада Олжас Бектеновті Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қабылдады. ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы сәлемі мен мен ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында қазақ-қатар қатынастары ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша және жоғары қарқынмен нығайып келе жатқаны атап өтілді.

Сапар аясында Олжас Бектенов Қатар Премьер-министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәнимен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Үкіметаралық кездесулердің мәні екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың орындалу барысы, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы және т. б. салалар бойынша алдағы инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуына жәрдемдесу болды.

«Қатар – Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды экономикалық серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар біздің инвестициялық ынтымақтастығымызды сапалы жаңа кезеңге шығарады. Біз бұрын-соңды болмаған қомақты сома $17,6 млрд-ты құрайтын ауқымды және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру алдында тұрмыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Олжас Бектенов кездесу барысында Қазақстанның Қатар нарығына халал және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпорындар АӨК саласындағы жобаларды іске асыру бойынша қатарлық компаниялармен ынтымақтастық орнатуда.

Өз кезегінде Қатар Премьер-министрі – сыртқы істер министрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.

«Елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға жақсы саяси негіз бар. Мемлекеттеріміздің басшылары бұған дейінгі сапар барысында ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығарып, бірқатар бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді. Бүгінгі кездесуіміз жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан біз өзара іс-қимылды кеңейтіп, тереңдету үшін жаңа бағыттарды зерттеуге дайынбыз», — деді шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәни.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекетінің үкіметтері арасында негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды. Ірі инвестициялық жобалардың ішінде:

  • жалпы сомасы шамамен $5,7 млрд болатын газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобалар;
  • жалпы сомасы шамамен $7,7 млрд болатын «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырының және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жөніндегі жобалар;
  • жалпы сомасы шамамен $2,7 млрд болатын қуаттылығы 1 100 МВт бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын және 350 МВт-тық су электр стансасын салу жөніндегі жобалар;
  • сондай-ақ бидай, бұршақ және сүтті терең өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар.

Екі ел үкіметтерінің басшылары Олжас Бектенов пен шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәни келісімге қол қоюдың толық форматтағы және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті

Серіктес жаңалықтары