Үкімет басшысы отандық және шетелдік инвесторларға үндеу жолдады

Бектенов ұзақ мерзімді инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келеміз деді

Үкімет басшысы отандық және шетелдік инвесторларға үндеу жолдады
Фото: primeminister.kz

Инновациялық кәсіпорындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге Қазақстан Үкіметі кепілдік береді. Бүгінгі Үкімет отырысында Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгінде әлемнің көптеген елдері инвестиция тартуға барынша мән беріп отыр.

Қазақстанның да мақсаты – сол!

Біз отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз.

Біз ұзақ мерзімді инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келеміз.

Жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, ақпараттық технологияларды озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіпорындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге Қазақстан Үкіметі кепілдік береді деп сендіргім келеді.

Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфрақұрылымдық және консультативтік қолдау көрсетеді, өнімдерін өткізуге көмектеседі»,-деді ол.

Үкімет басшысы инвесторлардың мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейтінін жеткізді.

«Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын. Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады.

Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді.

Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Штабқа ерекше өкілеттіктер берді.

Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз.

Олардың қатарында экономиканың басым салаларында инвесторлар үшін түбегейлі ынталандыру шаралары мен жаңа тәсілдерді қолдану, салықтық преференциялар, бюрократияны және бизнеске қажетсіз талаптарды алып тастау көзделіп отыр.

Күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, біз Қазақстан экономикасын дамытуда елеулі табыстарға қол жеткіземіз және өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеміз деп сенемін, - деді Бектенов.

Авторы: Олжас БЕКТЕНОВ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.