$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет – Үкімет басшысы

Бұл платформаның мақсаты әкімшілік рәсімдерді жеделдету және инвесторлар үшін кедергілерді азайту болуға тиіс

Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет – Үкімет басшысы
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы инвесторлардың, квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша ұлғайтуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру – біздің негізгі басым міндеттеріміздің бірі. Инвесторлар да оны іске асыруға белсенді үлес қоса алады.

Мемлекет инвесторларға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр.

Олар да өздерінің тарапынан өнімділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті кадрларды оқыту, тауарлар мен қызметтердің экспортын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс», - деді ол.

Бектенов агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау тәсілдері де өзгертуді қажет ететінін атап өтті.

«Қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды. Осылайша, бөлінген ақшаның қайтарымы білінбей қалады.

Жер учаскелерін алу, инфрақұрылым жеткізу рәсімдерінің ұзақ әрі құрылыс нормаларының күрделі болуы – мұның барлығы инвестициялық ахуалға теріс әсерін тигізеді.

Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз.

Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз.

Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек», - деді Үкімет басшысы.

Бектенов инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың толық жеткізілмейтінін айтты.

«Оның үстіне, мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқтығынан инвесторлар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты біле бермейді.

Инвесторлардың көпшілігі Қазақстан Даму банкі немесе Даму сияқты бірнеше институтты ғана біледі. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың бірыңғай базасы және олардың тиімділігін бағалау жүйесі жоқ. Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Бұл мәселе тым созылып кетті.

Әкімшілік рәсімдерге арналған цифрлық қызметтердің болуы инвесторлар үшін маңызды болып табылады. Мысалы, қызметтерді «бір терезе» онлайн-механизмі арқылы қолжетімді етуге болады. Біз мұны бұрыннан айтып келеміз. Бірақ, нәтиже шамалы.

Көріп отырғанымыздай, проблемалар бар және біз осы бағыттағы жұмысты тез арада бір жүйеге түсіріп, жеңілдетуіміз керек», - деді ол.

Олжас Бектенов аталған мәлелелерді қорыта келе, жауапты органдарға тапсырмалар берді.

«Бірінші. Ұлттық экономика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге барынша қысқа мерзімде қолдау шараларының тиімділігіне кешенді талдау жүргізіп, оларды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізсін.

Екінші. Сыртқы істер министрлігі мен Цифрландыру министрлігі тез арада Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны толыққанды іске қосуды қамтамасыз етсін. Онда преференциялардың барлық түрлерін шоғырландыру керек.

Бұл платформаның мақсаты әкімшілік рәсімдерді жеделдету және инвесторлар үшін кедергілерді азайту болуға тиіс.

Үшінші. Сыртқы істер министрлігі «Kazakh Invest» компаниясымен бірге шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты жоспар әзірлесін және онда перспективалы елдерді, трансұлттық корпорацияларды, салаларды және басқа да критерийлерді көрсетсін.

Төртінші. «Бәйтерек» холдингі инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың қосымша көздерін тарту жұмысын күшейтсін», - деді ол.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН 

Серіктес жаңалықтары