Үкімет 42 500 теңге алғандарды ай сайын бірыңғай жиынтық төлем жасауға міндеттей ме?
Еңбек министрі әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа жауап берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік желілерде тараған «азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлем өмір бойы қарыз болады» деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Әлеуметтік желілерде, Ютуб-та кейбір азаматтар бірыңғай жиынтық төлем туралы жалған ақпарат таратып жүр. «Ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді бір рет төлесе, оны заң бойынша ай сайын төлеу керексіз. Ай сайын төлемегендердің мойнына қарыз етіп, іліп қояды» деген ақпарат таратып жүргендер бар. Мұның бәрі жалған ақпарат. Ондайға сенбеңіздер. Бұл ерекше тәртіп, төтенше жағдайға қатысты ерекше заң. Бірыңғай жиынтық төлемді бір рет қана төлейсіз және төтенше жағдай ұзарса, 42 500 теңге төлемді автоматты түрде, ай сайын алып отырасыз», - деді Нұрымбетов.
Біржан Нұрымбетов бірыңғай жиынтық төлемді 42 500 теңге көлеміндегі көмек алуға өтініш бермей тұрып тапсырған дұрыс дейді. Айта кетейік, бірыңғай жиынтық төлем көлемі қала тұрғындары үшін 2600, ауыл тұрғындары үшін 1300 теңге.
Еңбек министрі түсіндіріп өткендей, егер азамат соңғы 12 айда бір рет болсын жалақысынан міндетті әлеуметтік төлем төлеген болса, 42 500 теңге көмекті алуы үшін БЖТ төлеудің қажеті жоқ. БЖТ әлеуметтік сақтандыру қорына мүлде әлеуметтік төлем жасамаған азаматтар үшін өзекті.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан