Елімізде үй жанындағы дүкендер кооперациясы құрылмақ
Қазақстанда сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу халықаралық деңгейден төмен
Мәжілістегі Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев министрлік кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатқанын жеткізді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Арман Шаққалиев бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын еске салды.
Министр атағандай, бүгінгі таңда Қазақстанда заманауи сауда форматтарының үлесі 31%. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 70%-дан асады, ал дамыған елдерде ол 90%-ға жетеді.
«Қазақстанда сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу халықаралық деңгейден төмен. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 2027 жылға қарай сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 56%-ға дейін арттыру. Осы жылы Бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда объектілері үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылған», - деді Сауда министрі.
Министрлік осындай функцияны іске асыру үшін нормативтік базаны жасайды.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, сауда-саттықтың ұйымдастырылған және көп форматты қағидатын дамыту, сауда базарларын жаңғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады.
«Қазіргі уақытта барлық сауда объектісін зерттеп жатырмыз. Зерттелген ақпарат сауда объектілерінің интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі. Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтерін қабылдаймыз. Әртүрлі сауда-саттық – бұл өндірушінің қол жетімділігі үшін жәрмеңкелер, көше саудасы, жеткізу саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дүкендер сияқты көп форматты сауда-саттықты дамытуға ерекше назар аударылады», - деді министр.
Ведомство басшысы бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар әзірленетінін және қосымша ойыншылар тартылып, франшиза элементтері енгізілетінін атап өтті.
«Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта біз оларды ауыл шаруашылығының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз, бұл өнімдеріміздің ішкі нарығын молайтуға жақсы әсер етеді», - деді Шаққалиев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ