Рейстердің кешігуіне қолайсыз ауа райы ғана себепші емес - Смайылов
Әуе рейстерінің кешігуі мәселесі Үкімет отырысында талқыланды

Қазақстанда рейстердің кешігуі қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Авиа компаниялар жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет. Осыған байланысты Өнеркәсіп және Қаржы министрліктері әуежай аумағында мультимодальды көлікті пайдалану мүмкіндігін беру мәселесін пысықтауы қажет. Сонымен қатар, транзиттік жүктерді рәсімдеуді жеңілдетіп, тиісті технологиялық процесстерді оңтайландыру керек. Көлік және энергетика министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен қажетті авиаотын көлемімен қамтамасыз етуі керек», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, бұл салаға келген жеке инвесторлар қазірдің өзінде әуежайларды дамытуға 2,1 млрд долларға жуық қаражат салды. Атап айтқанда, Алматыда перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жүктерді өңдеу рәсімдерін жетілдіру шаралары қолға алынды. Шымкентте жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Астанада БАӘ-ден келген компания ұшу-қону жолағын реконструкциялауды, карго-терминалын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ