Әкімдер жалдамалы тұрғын-үй құрылысын кешіктіріп жатыр – Скляр
Биыл мемлекеттік инвестициялар есебінен 38 300 пәтер салынуы тиіс

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр өңірлер инженерлік-коммуникациялар және жалдамалы тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды кешіктіріп жоспарлағанын мәлімдеді.
«Мен аймақтардан тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарланған тапсырмалардың орындалуын жеделдетіп қамтамасыз етуді сұраймын. Әкімдіктер облигацияларды сатып, «Бәйтеректен» ақша алуға дайын болуы керек еді. Алайда, осы уақытқа дейін ұйымдастыру мәселелері тиісті түрде пысықталған жоқ. Әкімдіктердің қаулылары және тағы басқа құжаттар қабылданған жоқ», - деді Р. Скляр Үкімет отырысында.
Жалпы, биыл елімізде мемлекеттік инвестициялар есебінен әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік 38 300 пәтер салу жоспарланған.
«Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 90 млрд. теңге көзделген. Жалға берілетін тұрғын үймен 12 600 отбасын қамтамасыз ету жоспарланған, соның ішінде: 6 000 көп балалы отбасы, 1 000 жас маман, 5 600 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санатына жататын адамдар», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан