Смайылов өзен көлігін пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет екенін айтты
Жаһандық жүк айналымының 60%-тен астамы және бүкіл сауданың 80%-ті осы су көлігіне тиесілі
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында су көлігін пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әлемде су көлігі ең үлкен сұранысқа ие болып отыр. Жаһандық жүк айналымының 60%-тен астамы және бүкіл сауданың 80%-ті осы су көлігіне тиесілі. Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан, біз барлық көлік түрлерін дамытып келеміз. Оның үстіне, жаһандық геосаяси жағдайларға және дәстүрлі сауда жолдарының үзіліп қалуына байланысты балама маршруттарды іздеу қажеттілігі туындап отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршруты – осының нақты мысалы. Атап айтқанда, осы жылғы 11 айда еліміздің теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-ке өсіп, шамамен 6,5 млн тоннаны құрады», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, порттарды жан-жақты дамыту үшін келесі жылдың соңына дейін құрықта, ал 2025-шы жылы Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталу керек.
«Бұл ірі тоннажды кеме қатынастарына мүмкіндік береді. Жалпы, теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болады. Сондықтан, елдегі инфрақұрылымның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет. Атап айтқанда, кемелердің, әсіресе паром тапшылығын шешуге тиіспіз. Ол үшін шетелге тапсырыс беруге мәжбүрміз. Алғашқы паромдардың құрылысы алдағы жылы басталады. 2027-ші жылы олардың санын 4-еуге жеткізу жоспарланып отырмыз», - деді ол.
Смайылов атағандай, Қазақстанда кеме жасайтын зауыт жоқ.
«Оны салу мәселесін тездетіп қарап, инвестор тарту үшін шешім қабылдау қажет. Сонымен қатар, теміржол тораптары мен порттарға дейінгі кірме жолдарды кеңейту мәселесі де өзекті болып отыр. Жүктерді рәсімдеуге қатысты сұрақтар бар. Аталған проблемаларды шешу мақсатында тиісті ақпараттық жүйе (Calipso) енгізілген болатын. Оның толыққанды жұмыс істеуі үшін мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялау қажет. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сондай-ақ, Ертіс өзені арқылы жүк тасымалын 2,5 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр атағандай, ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартып, кемелердің санын көбейту қажет.
«Жалпы, су көлігін дамыту көлік жүйесінің, транзит пен сауда саласының өсуіне мультипликативті әсер береді. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару керек. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, 2024-ші жылғы қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуі қажет. Олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін ұлғайтуды қамтуы тиіс. Көлік министрлігі Ертіс өзенінің сауда әлеуетін дамыту бойынша нақты іс-шараларды әзірлеуі керек. Өзен көлігін пайдалану және транзитті ұлғайтудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, «ҚТЖ» компаниясы Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, Шекара қызметімен бірлесіп, жүктерді рәсімдеу кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуі тиіс.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ