«Тұрғындар шағымданады»: Смайылов Мусинге бірқатар тапсырма берді
Тұрғындардан мәліметтерді түзетуге 56 мың өтінім түскен
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов цифрлық қызмет көрсетудің сапасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Адамдар мәліметтер дұрыс емес деп шағымданады. Биылғы 10 айдың өзінде ғана мәліметтерді түзетуге 56 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл түрлі дерекқорларды біріктіріп, ақпаратты цифрландырған кезде жұмыстың сапасы дұрыс болмағанын көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер ондағы ұзын-сонар кезекке және ғимараттарда қолайлы жағдайлардың болмауына наразы.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар арнайы пандустар мен көтергіштердің болмауына байланысты кейбір Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кіре алмайды», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу өте қиын.
«Лицензиялар мен рұқсаттар алуға өтініш беру күрделі болғаны сонша, азаматтар консалтингтік компаниялар мен жеке тұлғаларға жүгінуге мәжбүр. Жалпы аталған жайттар атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың тиімділігін төмендетіп жібереді.
Сондықтан, азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын бірден назарға алып, шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Осыған байланысты, Цифрлық даму министрлігі мынадай жұмыстар атқаруы қажет»,- деді ол.
Премьер атағандай, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2024-ші жылғы наурыз айының соңына дейін электрондық түрде болады деп мәлімделген мемлекеттік қызметтердің қалған түрлерін автоматтандыруы тиіс.
«Проактивті түрде көрсетілетін қызметтер тізбесін жүйелі түрде кеңейтіп тұруы қажет.
Бұл үшін әрбір өмірлік жағдай бойынша жол карталарын бекіту керек. Әрбір мемлекеттік қызметтің нақты жай-күйін тұрақты тексеріп тұру қажет. Оның оңай алынуына, деректердің дұрыстығына және олардың қауіпсіз сақталуына ерекше назар аудару керек. Жалпы, халықтан сұралатын құжаттардың тізбесін оңтайландыру қажет.
Бизнес пен азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге басымдық берілуі тиіс», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ