Смайылов теміржол саласындағы кемшіліктерді атады
Ол бұл саланың шетелдік инвесторларға мәжбүр болып отырғанын айтты

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов теміржол саласындағы кемшіліктерді атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынады. Жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистральдық теміржол желілерін жаңғырту жүргізілуде.
Сонымен қатар, шұғыл шешімдерді талап ететін бірқатар проблемалар бар.
Бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ке жетіп отыр.
Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді»,- деді Смайылов.
Оның айтуынша, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет.
«Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде.
Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда.
Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді. Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары», - деді Премьер.
Ол бізде осы өнімдерді шығаратын көптеген ірі кәсіпорындар бар, бірақ отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай жатқанын айтты.
«Осы орайда шетелдік серіктестерге жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Негізінде, отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді», - деді ол.
Осыған байланысты ол бірқатар мәселелерді атап өтті.
«Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Шекара қызметі, «Самұрық-Қазына» қоры және «Қазақстан темір жолы» жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауы қажет. Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруы тиіс. Көлік министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, жылжымалы құрам паркін жаңарту жұмыстарын күшейту, 2029-шы жылға қарай оның тозу деңгейін 40%-ке дейін төмендету жөнінде шаралар қабылдауы тиіс»,- деді ол.
Сондай-ақ ол өнеркәсіп және Көлік министрліктері теміржол саласының қажеттіліктері негізінде отандық өндірісті дамыту жоспарын әзірлеуі қажет екенін айтты.
«Көлік министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, «Қазақстан темір жолын» трансформациялау кезінде сервистің сапасын арттыру мен қызметтердің уақытылы көрсетілуін компания жұмысының басымдықтары ретінде айқындауы қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу мүмкіндігін пысықтауы керек. Сондай-ақ, Көлік министрлігімен бірлесіп, Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарау қажет», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ