Смайылов жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге азайту бойынша тапсырмалар берді
Ол мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жаңа міндет қойды
Үкімет оиырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экономиканың даму факторлары мен инфляцияны төмендету жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастыруда. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты өсімі – 4,9%-ті құрады. Нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Мұнай және табиғи газ өндіру есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсім 6%-тен асты.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3%-тен жоғары болды», - деді Смайылов.
Ол атағандай, машина жасау 27%, оның ішінде автомобиль жасау 42%-ке өсті.
«Тоқыма бұйымдары өндірісінің ұлғаюы есебінен жеңіл өнеркәсіпте 12%-ке жуық айтарлықтай өсім тіркеліп отыр.
Өндірісте пластмасса бұйымдарын өндіру –5,5%-ке, азық-түлік өнімдері – 3% және сусындар өндірісі шамамен 2%-ке өсті.
Құрылыс секторында өсу қарқыны жоғары – 12,5%.13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қызмет көрсету секторы бойынша сауда – 10%-тен астам, байланыс – 8% және көлік секторы – 7%-ке өсті»,- деді ол.
Смайылов атағандай, тау-кен өндіруді есептемегенде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі – 17,5% болды.
«Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.
Жыл соңына дейін барлық өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуі тиіс.
Жеке инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Бұл – біздің басты міндетіміз.Мемлекеттік органдар мен өңірлер инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп, жоспарланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әрбір орта кәсіпорын бойынша өндірісті 2-3 есеге кеңейту міндетін қойды», - деді ол.
Оның айтуынша, жауапты мемлекеттік органдар, әкімдіктер «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, осы тапсырманы іске асыру жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет.
«Жалпы, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңа кәсіпорындар құру бағытында бизнесті белсенді қолдау керек.
Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында біз инфляция деңгейін 10,8%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік алдық.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге азайту үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешеніндегі барлық жоспарланған іс-шараларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды.
Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткіштерді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы жылға бөлінген қаражатты уақтылы игеруге көңіл бөлуі тиіс», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ