$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.11.2023, 17:41
Үкімет

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізді

Өткен айларда екі ел арасындағы өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізді

Шанхайға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Екі мемлекет басшылары арасындағы жеке достық байланыстар біздің өзара ықпалдасуымыздың барлық бағыттарына оң әсерін береді. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен және Сізбен өткен келіссөздері “алтын 30 жылдықтың” кезекті дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік берді», — деді Премьер-Министр.

Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі.

Мәселен, өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35%-ға артып, рекордтық $24,2 млрд-қа жетті.

Биыл да қарқынды өсім жалғасуда: өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті.

Премьер-Министрдің пікірінше, қазіргі таңда енгізіліп жатқан визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

«Визасыз режимнің 10 қарашадан бастап күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе, алдағы “Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы” аясында өте өзекті. Менің ойымша, бұл шара азаматтарымыздың саяхатын қолжетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі Қытаймен ынтымақтастықтың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Қытай  мен Қазақстан арасында құбылмалы халықаралық жағдайдың сынақтарынан сәтті өткен өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

«Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзіне асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халықтарымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», — деді Ли Цян.

Серіктес жаңалықтары