$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2023, 11:33
Үкімет

Смайылов қытайлық компанияларды ҚР мен ҚХР арасындағы экономикалық кооперацияны дамытуға қатысуға шақырды

10 жыл ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдермен тауар айналымының жалпы көлемі $19,5 трлн-ға

Смайылов қытайлық компанияларды ҚР мен ҚХР арасындағы экономикалық кооперацияны дамытуға қатысуға шақырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысушы ел делегациясының басшысы ретінде Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорттық көрмесінің (ҚХИК) ресми ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы қазіргі таңда бұл ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкілдері қатысатын жаһандық іскерлік алаңға айналғанын атап өтті.

«Еліміздің көрмеге мәртебелі қонақ ретінде қатысуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа кезеңі аясында өтіп отыр. Кезекті 30 жылдық циклде біздің елдеріміздің экономикалық кооперация аясындағы өзара іс-қимылы маңызды рөл атқаратын болады. Осы тұрғыда біз үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр болашақта бірлескен кәсіпорындардың өнім көлемі мен тауар айналымындағы үлесі арта түсетініне сенім білдірді.

«Осыған байланысты, біз барлық мүдделі қытайлық кәсіпорындарды ынтымақтастықты кеңейтуге шақырамыз. Қазақстан Үкіметі қажетті қолдау көрсетуге және бірлескен жұмыс үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов сауда мен трансшекаралық электрондық коммерцияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды екенін атап өтті.

10 жыл ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдермен тауар айналымының жалпы көлемі $19,5 трлн-ға, ал инвестициялардың жиынтық көлемі – $380 млрд-қа жеткен.

«Орталық Азия өңірінің Қытаймен сауда көлемі де қарқынды өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $70 млрд-қа жетті, оның 45-і Қазақстанға тиесілі. Осы серпінді сақтау және 2030 жылға қарай тауар айналымын біздің өнімдер $100 млрд-қа дейін жеткізу үшін қажетті жағдайлар бар деп санаймыз», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстан өзара электрондық алаңдарды кеңінен пайдалануға және бүкіл Еуразия кеңістігінде өнімді бірлесіп жылжытуға мүдделі екеніне аударды.

«Бізде осы бағытта табысты кейстер бар. Біз «Alibaba Group» компаниясымен тығыз жұмыс істеп келеміз, осы жылдың мамыр айында «JD.com» платформасында Қазақстанның Ұлттық павильоны іске қосылды. Логистиканы өзара тиімді негізде оңтайландыру үшін біз Қазақстанда бонд қоймаларының құрылысын дамытуға дайынбыз», — деді Үкімет басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыт.

Қазақстан әлемдегі ең ірі бидай мен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіреді.

Бүгінде Қазақстанның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнімдері Қытайға экспортталуда.

«Қазақстан аграрлық саладағы нақты жобаларды іске асыруға, аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және азық-түлік даму бағдарламаларын қабылдауға дайын», — деді Премьер-Министр.

Сөз соңында Премьер-Министр биыл Шанхай көрмесіне Қазақстанның 30-дан аса өндірушісі қатысып жатқанын атап өтті, көрменің Made in Kazakhstan бренді мен жоғары сапалы тауарларды әрі қарай ауқымды Қытай нарығына шығаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары