Қазақстанға шет елдерден 7 мың отандасымыз оралды
Үкімет жырақта жүрген тағы 752 азаматты елге әкелмек
Коронавирус инфекциясымен күрес кезеңінде Қазақстанның сырт елдерде жүрген 7 мыңнан астам азаматы елге оралған. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.
«Мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы осындай қиын кезеңде көрінеді. Президенттің тапсырмасымен, 18 наурыздан бастап шет елдерде жүрген 7702 Қазақстан азаматы мемлекет көмегімен елге оралды. Үкімет жырақта жүрген тағы 752 азаматты әкеледі. Бұл - Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы мәселе», - деді министр онлайн брифингте.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі 27 ақпан мен 16 наурыз аралығында шет елдерге 435 мың қазақстандық шыққанын хабарлаған. Олардың көбі Египет, Түркия, Таиланд секілді жылы аймақтарға демалуға кеткен.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан