Қазақстан аумағына азық-түлік кіргізу рәсімі барынша жеңілдетілді
Импортталатын азық-түліктерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істеуде
ҚР Қаржы министрлігі елге азық-түлік кіргізу шараларын барынша жеңілдетті. Импортталатын азық-түліктерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істеуде. Кедендік кедергілер жойылып, тексерістер мен тауарлардың құнын бақылау рәсімдері алынып тасталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, 2020 жылдың 22 наурызынан бастап ҚР Үкіметі қарақұмық, ұн, қант, картоп, сәбіз, шомыр, қызылша, пияз, орамжапырақ, күнбағыс дәні, күнбағыс майысияқты жекелеген тауарларды Қазақстаннан шығаруға тыйым салды.
«ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тауарларға экспорттық кедендік бақылауды күшейтіп, «АСТАНА-1» электронды декларациялаудың ақпараттық жүйесінде оларды экспорттауға тыйым салды. Бұл тыйым ЕАЭО елдеріне таратылмайды.
ҚР Қаржы министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен шешімі бойынша әдеттегі жүйе бойынша жұмыс істейтін жүк өткізу бекеттері белгіленді (қалған бекеттердің жұмысы төтенше жағдайға байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап уақытша тоқтатылды)», – делінген хабарламада.
Осылайша, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында:
- «Нұрлы жол» және «Достық» өткізу бекеттері (автокөліктер үшін);
- Өзбекстан мен Қазақстан арасында «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Атамекен», «Тәжен» бекеттері;
- Түркіменстан мен Қазақстан арасында «Темір баба» бекеті;
Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында «Қайрақ», «Жаңа жол», «Қарақоға», «Шарбақты», «Үрлітөбе», «Қосақ», «Ауыл», «Үбі», Жайсаң», «Әлімбет», «Сырым», «Құрманғазы», «Тасқала», «Жәнібек» бекеттері жұмыс істеуде.
Барлық халықаралық шекара бекеттеріндегі өткізу пункттерінде санитарлы-карантиндік бақылау күшейтілген. Атап айтқанда, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары жұмылдырылған, өткізу бекеттері жылу сезгіш құралдар және пирометрлермен жарақтандырылған, науқас адамдар анықталған жағдайда, оларды уақытша оқшаулауға арналған ем-шаралық бөлмелер қарастырылған.