Төтенше жағдай кезінде мұғалімдерді мектепке шақырған директорлар жазаланады
Министрліктің бұйрығын бұзу фактілері Түркістан және Алматы облыстарында анықталды
Коронавирусқа байланысты Қазақстан аумағында жарияланған төтенше жағдай кезінде және көктемгі демалыс уақытында мұғалімдерді мектепке жұмысқа шақырған директорлар жауапқа тартылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрлік қабылдаған бұйрық бойынша, 16 наурыздан бастап еліміздегі барлық педагогтер көктемгі демалыс уақытында қашықтан жұмыс істеуі тиіс.
«Алайда, кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген. Бұйрықты бұзу фактілері негізінен, Түркістан және Алматы облыстарында анықталды. Ұстаздарды жұмысқа шақыртқан мектеп басшыларына тәртіптік жаза қолданылды», - деді министрліктен.
Ведомствоның хабарлауынша, көктемгі каникул кезінде мұғалімдер әдістемелік және алдағы оқу процесіне дайындықты қашықтан атқара алады. Бұл ретте, олардың жалақысы толық көлемде сақталады. Яғни, үйден жұмыс істеу ұстаздардың айлығына әсер етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің ата-аналарға жазған хаты жария болды. Білім министрі 16 наурыздан бастап ұзақмерзімді каникулға шыққан оқушылардың уақытын тиімді пайдалану жөнінде бірнеше кеңес берді.