$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.03.2020, 11:14
Үкімет

Журналистердің құқығын шектеп тастаған – Нығматулин митингке қатысты заң жайлы

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Журналистердің құқығын шектеп тастаған – Нығматулин митингке қатысты заң жайлы
фото: kaztag.kz

Бүгін Мәжілісте «Бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібі» туралы заң жобасы бірінші оқылымнан өтіп жатыр. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген заң жобасының митингтен ақпарат тарататын журналистердің міндеттері мен құқықтарын атап көрсеткен 7-бапқа қатысты көңілтолмаушылық білдірді. Ол бірін-бірі қайталайтын баптарды алып тастауды, журналист құқығын шектемеуді сұрады.

«Егер мұқият оқып қарасақ, журналистердің міндеттері мен шектеулері олардың құқықтарына қарағанда едәуір көп. Бапқа қарасақ, 3-тармақ құқыққа қатысты, 12-тармақ міндет пен шектеуге қатысты. Айырмашылық 4 есе болып тұр. Нормалардың біріне сүйенсек, журналист кез келген мемлекеттік орган өкілі сұраса, барлық материалды беруі керек. Жарайды, берді делік, ал сол материалды журналиске уақытында бермесе ше? Материал актуалды болуы үшін журналист уақытылы жаңалық дайындауы қажет қой. Ол бірнеше сағаттан кейін өзектілігін жоғалтады», - деді Н.Нығматулин.

Министр Дәурен Абаев заңнан аталған бапты алып тастауға келісті. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев та қарсылық білдірмеді.

«Журналиске материалын мемлекеттік органға беруі тиіс деген норма әкімшілік өндіріс үшін керек болған. Іс қылмыстық тәртіпке өткен кезде бізде қажетті инструменттер бар. Сондықтан аталған норманы алып тастауға ешқандай қарсылық жоқ», - деді М.Қожаев.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі келесі талқылауға дейін өзгерістер енгізуге уәде берді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары