Су басу қаупі бар аймақта 2,5 млн-нан астам халық шоғырланған – Зүлфия Сүлейменова
Елімізде 102 су тасқыны қаупі бар нысан бар
Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова су тасқыны бар аймақтар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі 206 гидротехникалық құрылыстың 102 су тасқыны қаупі бар объектілер қатарына жатқызылды. Су басу аймағында 102 объект 296 елді мекенге жақын орналасқан, халқы 2 547 649 адам. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде қанағаттанарлықсыз жағдайға байланысты 87 су қоймасының 3 су қоймасы транзиттік режимде ((ШҚО) Қандысу және Қаракөл суқоймалары, (СҚО) Чарык суқоймалары) болды, қалған су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеді. Су тораптары мен су қабылдағыштар қанағаттанарлық жағдайда», - деді министр.
Оның айтуынша, су басу қаупін жою мақсатында министрлік жөндеуді қажет ететін 41 ГТҚ-ны қайта жаңартуды жүргізуде.
«2017-2022 жылдары 16 нысан қалпына келтірілді. Нәтижесінде 120 мыңнан астам халқы бар 19 АЕМ су тасқыны жойылды. Оның ішінде Алматы облысында жинақтау көлемі 42 млн. м3 Қызылағаш су қоймасы қайта жаңартылды. Биыл тағы 2 су қоймасы қалпына келтірілуде. 5 нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда, 1 нысан техникалық қорытындыға сәйкес қанағаттанарлық жағдайда, бүгінгі күні жобаны авариялық Нысандар құрамынан шығару мәселесі пысықталуда. Осы жобалар іске асырылған жағдайда 300 мың халқы бар 40 елді мекенді су басу қаупі мәселесі шешілетін болады», - деді министр.
Сүлейменова атағандай, қалған 17 жоба бойынша 30 млрд теңге сомасына қаражат бөлу қажет.
«Оның ішінде, ұлттық жоба шеңберінде 20 млрд теңге, бұдан басқа қосымша 10 млрд теңге және ЖСҚ әзірлеуге 765,2 млн. теңге бөлу қажет. 12 нысан бойынша ЖСҚ әзірлеуге 2023 жылы РБ-ны алғашқы нақтылауға 1 346,5 млн теңге бағытталды. Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық «Қазгидромет» РМК болжамды деректерін ескере отырып талданатын болады», - деді министр.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Министрлік және оның ведомстволық бағынысты құрылымдары мынадай іс шараларды жүргізеді:
- жыл сайын «Қазсушар» РМК базасында Министрліктің жедел штабы құрылады, сондай-ақ «Қазсушар» РМК филиалдарының базасында Облыстық жедел ден қою және талдау штабы құрылады;
- кезекшілік кестесі бекітіледі, Су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі;
- республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суларды апатсыз өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленеді және бекітіледі, объектілерді тексеру актілері мен дайындық паспорттары, сондай-ақ ТЖ туындау қаупі дәрежесі бойынша су шаруашылығы объектілерінің тізбелері жасалады;
- гидротехникалық құрылыстарды пайдалану қағидаларына сәйкес әрбір су қоймасы үшін су қоймаларын толтыруға және күтілетін түсімге байланысты режим кестелері бекітілетін болады;
- су тасқыны кезеңі басталғанға дейін пайдалану қызметтері бекітілген кестелерге сәйкес су тасқыны суларын жинақтау үшін су қоймаларындағы бос сыйымдылықтардың қажетті қорын қамтамасыз етеді;
- көрші мемлекеттерде орналасқан трансшекаралық су объектілерінде су жинақтау көлемі талданатын болады;
- төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «Қазсушар» РМК бөлімшелері инертті материалдардың қажетті қорын дайындауда.