$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су тасқыны қателіктерді кешірмейді – Әлихан Смайылов

Ол биылғы көктем оңай болмағанын айтты

Су тасқыны қателіктерді кешірмейді – Әлихан Смайылов
Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов су тасқынына ерте дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін әдейі ерте бастан қарап отырмыз. Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен, барлық дайындық шараларын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді. Орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Өздеріңіз көрдіңіздер, биылғы көктемде оңай болған жоқ. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елді мекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады», - деді Смайылов.

Ол атағандай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті.

«Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар қирап қалды. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020-шы жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген плотина қирап қалған. Сонымен қатар кей жерлерде қарды уақытылы шығарып, арықтарды тазартып тұруға жете мән берілген жоқ. Сондай-ақ мына мәселелерді атап өткім келеді. Жол картасы уақытында іске асырылмаса, ол орындалмай қалатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде, материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда күшейту қажет», - деді ол.

Смайылов атағандай, нысандарды салу кезінде нормалардың сақталмауынан да елді мекендерді    су басу жағдайлары қайталанып жатыр.

«Биыл Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Бұл жерде мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу туралы талаптарды күшейту қажет. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдатады. Экология министрлігі тек республикалық нысандардың ғана емес, сонымен қатар көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіруі тиіс. Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өткізуге дайындау жұмыстарын жалғастыруы керек», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары