Министр қай өңірлерде су басу қаупі бар екенін айтты
Жол картасын орындауды кейбір өңірлер кешігіп орындауда
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында су тасқыны қаупі бар аймақтар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жоспарлы құжаттардың орындалуына жүргізілген талдауды ескере отырып, бүгінгі күні су басу қаупі сақталуда.Ақтөбе облысында су басқан екі елді мекеннің (Қобда, Қаратал) қалпына келтіру жұмыстары тек біреуінде (Қаратал) ғана аяқталды. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында су басу фактілері жыл сайын арық жүйелерінің дайын болмауына байланысты тіркеледі. Қостанай облысында жоспарланған Жол картасының 6 іс-шарасының тек үшеуі бойынша ғана жұмыс басталды», - деді ол.
Министр сондай-ақ, жалпы климаттың өзгеруі бойынша әлемдік үрдісті және осы көктемде Батыс өңірінде су тасқыны бір ай бұрын басталғанын ескере отырып, барлық әкімдіктер ықтимал тәуекелдерге дайын болуы қажет екенін айтты.
«Өткен жылдардағы су тасқыны жағдайының қайталануын болдырмау мақсатында әкімдіктер ағымдағы жылғы су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру үшін барлық қажетті ресурстарды тарту қажет. Жол картасы аяқталатынын ескере отырып, орындалмаған іс-шаралар тиісті бюджет қаражаты көзделетін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді (РБ) және өңірлердің даму жоспарларына (ЖБ) ауыстырылсын.Экология және табиғи ресурстар министрлігіне гидротехникалық құрылыстарды уақтылы жөндеуді қамтамасыз ету керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне су өткізу құрылыстарын, жолдар мен көпірлерді тасқын және еріген сулардың жоғары көлемін өткізуге дайындау қажет. ТЖ министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың қауіпсіздік мәдениеті мен сана-сезімін арттыру мақсатында арықтарды тазарту және қарды уақтылы шығару бойынша халықпен тиісті ақпараттық жұмысты жалғастырсын», - деді Шәріпханов.