Министрлер қашықтан жұмыс істей алмайды – Жайылғанова
Агенттік төрағасы Анар Жайылғанова басшыларға жиынды Skype арқылы өткізуге кеңес берді
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова төтенше жағдай және карантин жағдайында қашықтан жұмыс істей алмайтын мемлекеттік қызметкерлерді атады.
Оның айтуынша, орталық мемлекеттік органдарда немесе әкімдікте халық тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын (оларсыз жұмыс тоқтап қалатын қызметкерлер - авт.) қызметшілер міндетті түрде жұмысқа келуі керек. Дегенмен, оларға қысқартылған жұмыс күні қарастырылғаны дұрыс.
Ал, бірінші басшылар мен департамент директорлары жұмыста болуы міндетті. Мұндай талап министрлерге де қатысты.
«Мәселен, біздің агенттікте профильдік департаменттер бар. Оларсыз жұмыс жүрмейді. Міне, сол департамент басшылары жұмысқа келмесе, болмайды», - деп түсіндірді агенттік басшысы.
Егер органның жұмысы тоқтап қалатындай жағдай болмаса, қатардағы қызметкерлер үйден істей береді. Бірақ олардың жалақысы азаймайды.
«Аналитикамен айналысатын, өтініштерге жауап дайындайтын, қандай да бір жобалар жасайтын мемлекеттік қызметкерлер онлайн режимде жұмыс істей алады. Әр қызметкердің міндетіне қарай, кімнің кеңсеге келетінін, кімнің қашықтан жұмыс істейтінін бірінші басшылар өздері шешеді», - деді бұған қатысты агенттік басшысы.
Егер олар орындауы тиіс бұйрықтар мен тапсырмалар қауіпсіздікке, қорғаныс мәселелеріне, әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты болмаса, дедлайнды қайта қарап, кейінге қалдыруға болады. Алайда, еркіндік берілді деген оймен басқа жаққа кетіп қалса, тәртіп бұзылады.
«Кеңсеге келмей жұмыс істейтіндерден басқа қалаға кетіп қалмай, тұрғылықты жерде болуын сұраймыз. Жауапкершілік танытып, қызметтік міндеттерін де, төтенше жағдай талаптарын да орындау қажет», - деді А. Жайылғанова.
Агенттік басшысы мемлекеттік орган басшыларын шұғыл жиналыстарды Skype арқылы, видеконференция немесе мессенджер арқылы өткізуге шақырды. Еңбек демалысына шығуға мүмкіндігі бар қызметкерлерге сол демалыстарды төтенше жағдай уақытына ауыстыруға кеңес берді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан