ШұғылЛицензиясынан айырылған Tengri Bank салымшыларының кепілдік өтемі қайтарыла бастады

Қазақстанда квазимемлекеттік секторды IT саласынан алыстату ұсынылды

Мәжілісте «Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі» заң жобасы қаралды

Осы құжатты таныстыра келген  Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жаңа өзгерістер Қазақстанның цифрлық даму саласына қандай өзгерістер әкелетінін айтты. Оның айтуынша, «Заң жобасы, ең алдымен, цифрлық технологияларды дамытуға,  сондай-ақ, оларды қолданумен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған».

«Біріншіден, Мемлекет басшысы Цифрландыру жөніндегі отырыста  барлық құжат айналымын электрондық форматқа көшіру туралы тапсырма берді. Бұл мәселені шешу тәсілдерінің бірі  – Цифрлық құжаттар сервисін енгізу. Аталған сервис «Мобильді үкімет» қосымшасында көрсетіледі. Яғни, азаматтарға қағаз түріндегі құжатты ұсынбай-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Цифрлық құжаттар сервисін заңнамалық түрде айқындау ұсынылады. Екіншіден, цифрландыру нәтижесінде талдауды қажет ететін үлкен деректер қоры қалыптасты.

Осыған байланысты, Заң жобасымен «Үлкен деректерді» талдау тетігін реттеу ұсынылады. Үшіншіден, цифрлық технологияларды енгізу  азаматтардың дербес деректерін қорғауды талап етеді. Сондықтан дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды анықтау ұсынылады», - деді заң жобасындағы жаңа өзгерістерді жария еткен ол.

Жұмағалиевтің айтуынша, осы және өзге де өзгерістерді іске асыру үшін Қазақстан ең алдымен IT-компаниялардың санын және сапасын арттыруы керек. Сондықтан, IT-компаниялардың терең тыныс алып, бәсекелі ортада дамуы үшін квазимемлекеттік секторды осы саладан алыстату көзделген.

«Отандық IT-компанияларды дамыту үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлікпен айналыспауы қажет. Осыған орай, цифрлық жобаларды) құру мен дамытудағы  квазимемлекеттік сектор функцияларын алып тастауды ұсынамыз», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан