«Бәріне сіз жауап бересіз»: Өксікбаев Ауыл шаруашылығы министріне ескерту жасады
Депутат жиі өзгеретін субсидия беру ережесі жайлы айтты
Бүгін Nur Otan партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі проблемалар қаралды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев субсидия беру ережелерінің жиі өзгеріп, шаруаларға қолдан қиындық тудырып жатқандығы туралы айтты.
«Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы субсидияларына республикалық бюджеттен 254 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджет те шамасына қарай беріп жатыр. Бірақ бізде ереже жыл сайын өзгереді. Сіз субсидия аясын тағы да арттырам деп отырсыз. Яғни, бұл ереже тағы да өзгереді деген сөз. Әр өзгерген сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «иіліп», сіздерге келеді. Сіздердің өкілетті органдарыңыздың алдында құжат жинап жүреді. Бұл тағы да сыбайластықтың бір түріне алып келеді», - деді О. Өксікбаев.
Депутат ережелерді нақты заңдастырып, ауыл шаруашылығының қай саласын қолдау керектігін анықтап алуды ұсынды. «Агроинновация институты басым салаларды неге зерттемей жатыр?» деп сұрақ тастады.
Министр Сапархан Омаров субсидия ережелерінің өзгеруіне ол басқаратын ведомство ғана емес, саладағы компаниялар да араласатынын түсіндірмек болды. Бірақ, депутат оның сөзін бөліп, әр келген министр өзіне қажетті салаға ғана «көңіл бөлетінін» айтты.
Сапархан Омаровтың айтуынша, министрлік қазір субсидия ережелерін тұрақтандыру шараларын қарап жатыр екен.
«Әр министр өз саясатын жүргізетін шығар. Бірақ компаниялардың өздері жаңа келген министрді пайдаланып, субсидияны (ережесін – авт.) өзгерткісі келеді. Субсидия ережесі тауар өндірушілермен ақылдасып жасалған. Қазір инвестициялық субсидия бар. Мәселен, біреу өңдеуші өнеркәсіп орнын салса, Үкімет 25%-ын төлеп береді. Кейін сол ереже өзгеріп кетсе, қиналып қалады. Сондықтан Дүниежүзілік сауда ұйымы жасаған керекті субсидиялар ережесін алып, 5 жыл бойы өзгертпеуге ұсыныс беріп жатырмыз», - деді С. Омаров.
Омархан Өксікбаев субсидия төңірегінде өршіген жемқорлыққа әкімдер ғана емес, министрлік те жауап беретінін ескертті.
«Сіз өңірдегі сыбайластықты жаңа өзіңізден итеріп тастадыңыз ғой, 300-і облыс әкімдерінікі деп. Бәрі ауыл шаруашылығының төңірегінде жұмыс істеп жүргендер. Түбі саясатын сіз жасайсыз. Ауыл шаруашылығындағы саясаттың бәрі министрліктен шығады. Сондықтан сіз соның бәріне жауаптысыз. Оны сізден бөліп тастай алмаймыз», - деп айтты депутат.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан