$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.03.2020, 16:27
Үкімет

Қазақстан коронавирус жайлаған елдерге қатысты қаулы қабылдады

Еліміздің бас санитар дәрігері қабылдаған қаулы 12 наурыздан бастап күшіне енеді

Қазақстан коронавирус жайлаған елдерге қатысты қаулы қабылдады
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тиісті қаулыға қол қойып, дәрігерлер мен ғалымдардың ұсыныстары негізінде коронавирус тараған елдерді категорияларға бөлген. Қаулы бойынша бірінші санаттағы елдерден келген қазақстандықтар мен шетелдіктер міндетті түрде 14 күнгі карантинге, ал, бірінші «б» санаты мен екінші санаттағы елдерден келгендер өзін-өзі оқшаулауға міндетті.

«Төртінші наурыздағы 12-ші қаулының 1-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, бірінші «б» және екінші санаттағы елдерден келетін қазақстандықтар мен шетелдіктер міндетті түрде 14 күн бойы өзін-өзі оқшаулауы керек. Яғни, үйдегі карантин. Бас санитар дәрігердің осы қаулысының барлық тармағында айтылғанды қазақстандықтар мен республикамыздың аумағындағы басқа мемлекеттің азаматтары орындауға міндетті», - деді бүгін баспасөз мәслихатында Жандарбек Бекшин.

Аталған қаулы 12 наурыздан бастап күшіне енеді. Осы қаулыға сәйкес, енді бірінші «а» санатындағы Қытай, Иран, Оңтүстік Корея мен Италиядан келген азаматтар міндетті түрде ауруханаға 14 күнге карантинге жатады.

Бірінші «б» санатындағы Франция, Германия, Испания, екінші санаттағы Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланды елдерінде болған қазақстандықтар мен шетелдіктер 14 күн бойы үйінен шықпай, өзін-өзі оқшаулауға міндетті. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, өзін-өзі оқшаулаған азаматтар үйінде жатқанына қарамастан, жұмысқа жарамсыздығы туралы анықтама беріледі.

«Айта кетерлігі, Италиямен тікелей әуе байланыс жоқ. Бірақ үшінші елдер арқылы Италиядан келетін адамдар бар, олар карантинге жатқызылады. Ал, бірінші «б» және екінші санаттағы азаматтардың тізімін шекара қызметімен бірлесе отырып, жергілікті емханаларға жібереміз. Сол тізімдегі азаматтарға жергілікті емхана жұмысқа жарамсыздығы туралы анықтама беруге міндетті», - деп түсіндірді ол.

Ал бас санитар дәрігер айтқан үшінші санаттағы Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филиппин, АҚШ-тан келген азаматтар жергілікті медициналық мекеменің бақылауында болады. Егер осы елдерге барып келген азаматтардың қызуы көтерілсе, Жандарбек Бекшин бірден емханаға жүгірмей, жедел жәрдем шақыруға кеңес берді.

«Жедел жәрдем арнайы киіммен келіп, сіздерді қарайды. Ауруханаға жүгірмей, қоғамдық көлікке отырмай, бірден жедел жәрдем шақырыңыздар», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары