$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.03.2023, 18:27
Үкімет

Қазақстанның мұнай-газ саласында бизнеске қойылатын 800-ге жуық артық талап қысқарады

Премьер-Министр мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін айтты

Қазақстанның мұнай-газ саласында бизнеске қойылатын 800-ге жуық артық талап қысқарады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен астамға, яғни жылына 25 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өсті. ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан бүгінде мұнайды ТОП-10 экспорттаушының қатарына кіреді.

«Жалпы, елімізде мұнай-газ саласы әлемдік трендтерге сай белсенді дамып келеді. Ол үшін өндірістің тиімділігін арттырудан бастап қайта өңдеу өндірістерін кеңейтуге дейін қажетті шаралар қабылдануда», – деді ол.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндамасында, геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілгенін атап өтті. 2023 жылы инвестиция көлемі $6 млрд болатын осындай алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен $2 млрд-ты құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталуда.

Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Осы жылы кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау шеңберінде белсенді дамуда. Атап айтқанда, өткен жылдың соңында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды, ол республиканың ішкі қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Қосымша $12 млрд инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және  полиэтилентерефталат өндіру бойынша тағы төрт ірі жоба іске асырылып отыр.

Алдағы уақытта Энергетика министрлігі ұлттық экономиканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Премьер-Министр бұл қадамдардың барлығын жеке заңның әзірленуін күтпей-ақ, заңға тәуелді актілер деңгейінде қабылдау қажет екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар салық салу, геологияны дамыту, экологиялық талаптарды сақтау, мұнай экспорты, жалпы саланың ашықтығын арттыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Әр тақырып бойынша Энергетика министрлігі, Экология министрлігі, Индустрия және басқа ведомстволардың басшылары егжей-тегжейлі түсініктемелер беріп, пікірлерін білдірді.

Премьер-Министр талқылауды қорытындылай келе, мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол қосымша инвестициялар тарту үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

«Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жоспарлануда. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және "Атамекен" Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылдануда. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын», – деді Премьер-Министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне отырыста айтылған ұсыныстарды ескеруді және мемлекет пен жеке инвесторлардың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын табуды тапсырды.

Кеңес отырысына орталық мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҰКП төралқасы мен негізгі комитеттерінің басшылары, ірі салалық одақтардың, қауымдастықтар мен жеке компаниялардың өкілдері, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және т. б. қатысты.

Серіктес жаңалықтары