$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.03.2023, 19:08
Үкімет

Үкіметте гендерлік теңдік, жұмыспен қамту және әйелдер денсаулығы мәселелері қаралды

Қазақстанда әйел кәсіпкерлер үлесі 45%-ды құрайды

Үкіметте гендерлік теңдік, жұмыспен қамту және әйелдер денсаулығы мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гендерлік теңдік, жұмыспен қамту және әйелдер денсаулығы мәселелері қаралды. Аталған тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қазақстан құқықтары мен мүмкіндіктері адамдардың барлығы үшін тең қоғам қалыптастыруда елеулі табыстарға қол жеткізді. Республикада гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасты. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және ерлер мен әйелдердің теңдігін ілгерілету көзделген. Республикада әйелдердің ел өміріндегі рөлін арттыру үшін жағдай жасауға, қазіргі қазақстандық әйелдің мансап қууына, мемлекеттік және қоғамдық басқаруға белсенді қатысуына үлкен көңіл бөлініп отыр.

2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. Сондағы 17 мақсаттың 12-сі – гендерлік-сезімтал. Орнықты даму мақсаттарының 262 ұлттық индикаторы бекітілді. 2022 жылы «Орнықты даму мақсаттары бойынша Прогресс индексі» рейтингі бойынша Қазақстан 2019 жылмен салыстырғанда 77-ден 65-орынға көтеріліп, 100-ден 71,1 балл жинап, 12 орынға позициясын жақсартты.

2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді. Білім беру, денсаулық сақтау және өмір сүру, сондай-ақ экономикалық қатысу мен мүмкіндіктер салаларында оң динамикаға қол жеткізілді. Әйелдердің саяси қатысуы бойынша көрініс те жақсарды.

Қазақстан ресми түрде Париж қаласындағы «Ұрпақ теңдігі» форумы аясында жарияланған Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі іс-қимыл коалициясының қатысушысы. Коалиция теңдікті қамтамасыз ету жолындағы ең ауыр кедергілерді жоюға бағытталған және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібінің «Ешкімді артта қалдырмау» қағидаттарына сәйкес келеді.

Сондай-ақ еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022-2024 жылдарға арналған адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі және онда гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын кеңейтуге баса назар аударылады.

«Статистикаға сәйкес мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2010 жылы 52,7%-ды құраса, 2022 жылы 55,5%-ға дейін өсті, оның ішінде 39,2%-ы – басшылық лауазымдағы әйелдер. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың ішінде министрлер, Агенттіктің, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары, облыстардың және қала әкімдерінің орынбасарлары да бар», — деді Ұлттық экономика министрі.

Әйелдерді жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, елімізде еңбек жасындағы әйелдердің саны 4,5 млн-нан асты, олардың 75%-ы – экономиканың әртүрлі салаларында қызметте жүрген жалдамалы жұмыскерлер. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларында, ал 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында еңбек етуде.

«Дегенмен әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғары екені, олардың қатарында еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің көптігі және бұл көрсеткіштің алдағы уақытта 2000 жылдардан кейін туылған жас ұрпақ есебінен күрт өсуі мүмкіндігі әйелдерді жұмысқа тарту шараларына ерекше назар аудару керек екенін көрсетіп отыр», — деді Тамара Дүйсенова.

Осыған байланысты өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамту қарастырылып, белсенді жүзеге асырылуда. Өткен жылы өңірлерде 536 мың әйел жұмысқа тартылды, бұл жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.

Бұл ретте жастарға көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы 30 мыңға жуық оқу орнын бітірген жас қыз мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орныдарына жіберіліп, еңбек жолын бастады.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы – оқыту, содан кейін жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашуға мүмкіндік жасау. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел өз қалауы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алды, ал 31%-ы мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысты.

Биыл әйелдерді жұмыспен қамту шаралары жалғасатын болады. Осы мақсаттар үшін басқа жобаларды есептемегенде, тек бюджеттен осы жылға 177 млрд теңге, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына 135 млрд теңге және кредиттер мен гранттар беруге 42 млрд теңге көзделіп отыр.

Одан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекеттің ана мен баланы қолдау жөніндегі әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысына қысқаша тоталып өтті.

Оның айтуынша, биыл әлеуметтік төлемдермен 2,1 млн отбасы қамтылып, оған 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалатын болады. Соның ішінде жүктілік және босану бойынша міндетті сақтандыру қорынан немесе ГФСС-тен әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел-аналарымыз алады деп күтіледі. Төлемнің орташа мөлшері әйелдердің табысына байланысты, осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша оның орташа шамасы 900 мың теңгені құрады.

Әрі қарай министр көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға назар аударды. Т. Дүйсенованың айтуынша, оның мөлшері сараланған. Төрт баласы бар отбасына төленетін жәрдемақының айлық мөлшері 55 мың 300 теңгені құраса, 8 баласы бар отбасылар ай сайын 110 мың 400 теңге, ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала үшін 13 800 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 544 мың отбасыға төленетін болады, ол үшін жалпы көлемі 410 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген.

Ал Алтын және Күміс алқаларымен марапатталған аналарымызға да мемлекет тарапынан арнаулы жәрдемақы қарастырылған. Ол өмір бойы тағайындалады және ай сайын төленеді. Бүгінде бұл жәрдемақыны 230 мың ана алуда және бұл үшін республикалық бюджеттен биылға 61 млрд теңге қарастырылған.

Әрі қарай денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан әйелдерінің денсаулығы бойынша баяндама жасады.

«Әйел денсаулығының жақсы болуы – ұлт саулығы, ұрпақ амандығы, мемлекетіміздің баянды, жарқын болашағы. Қазақстан Республикасында 10 млн-нан астам әйел, 4 млн-нан астам бала туу жасындағы әйел және 18 жасқа дейінгі 3 млн-нан астам қыз бала тұрады», — деді министр.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде аурулардың профилактикасы мен оны ерте анықтауға бағытталған іс-шараларға негізгі басымдық беріледі. Халықтың арасында мінез-құлық қауіп факторларын және артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және В, С вирустық гепатиттері сияқты кең таралған ауруларды, әйелдердегі обыр ауруларын анықтау мен диагностикалау скринингтері жүргізіледі.

Инфекциялық емес аурулар бүкіл әлемде әйелдер өлім-жітімінің негізгі себебі болып отыр, ҚР бойынша аурушаңдық бір жылда 4,2%-ға өсті.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елімізде әйелдер аурушаңдығы құрылымында 27% тыныс алу ағзаларының аурулары, 12% несеп-жыныс жүйесінің, 8% қанайналым жүйесінің, 6% сүйек-бұлшықет жүйесінің және ас қорыту ағзаларының аурулары құрайды. Әйелдер арасында анемия аурушаңдығының көрсеткіші 100 мың әйел санына шаққанда 927 болды. Диспансерлік есепте 3 млн-ға жуық әйел динамикалық бақылауда, бұл есепте тұрған ересек халықтың жалпы санының 62,5%-ын құрайды.

Жыл сайын стационарларда 2 млн-ға жуық әйел емделеді, 500 мың хирургиялық араласу жүргізілді. Жалпы әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74,03 жасты құрайды, әйелдер ерлерге қарағанда 7,7 жасқа ұзағырақ өмір сүреді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам әйел босанады, жүкті әйелдердің 99%-ы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында болды, 12 аптаға дейін ерте қамту 90%-ды құрады. Туа біткен кемістіктерді анықтау үшін жүкті әйелдерді скринингпен қамту 10%-ға өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда, нәтижесінде 14 000 әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру қызметтері ұсынылды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде 6 000-нан астам әйел жүкті болып, 2 800 отбасында көптен күткен 3 200 бала дүниеге келді. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық жүкті әйел нәрестені дүниеге әкеледі деп күтілуде. Жыл сайын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 7 мың квота бөлу көзделген.

«Қазіргі жағдайда жасөспірім қыздардың репродуктивтік денсаулығы жағдайы жыныстық өмірдің ерте басталуына, жыныстық жетілудің бұзылуына және жасөспірімдердің жүктілігі, босану және аборт жасау проблемаларына байланысты. Соңғы 5 жылда жасөспірімдердің арасында босану саны 14%-ға, ал аборт жасау деңгейі 2 есе төмендеді», — деді А. Ғиният.

Әйелдердің денсаулығын жақсарту үшін: ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулер тәсілдері қайта қаралып, бүйрек, асқазан-ішек, тыныс алу ағзаларының ауруларын ертерек анықтауға арналған скринингтер кеңейтілді.

Бұрын тексерілмеген 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды скринингпен қамту жаңадан енгізілді. Жалпы практика дәрігеріне бармай-ақ, консультациялық-диагностикалық қызметтердің 9 бағыты анықталды, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» тәсілі енгізілді. Емханаларда әлеуметтік-бағдарланған модель енгізілді, онда профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшелері құрылды және 2 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер, 1,5 мың психолог, 6,5 мың патронаттық мейігерлер жұмыс істейді.

Ал жүкті әйелдердің денсаулығын жақсарту үшін: халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 перинаталдық орталық салу жоспарлануда; жаңа норматив бойынша 500 астам адам тұратын елді мекендерде фельшерлік-акушерлік көмек ұйымдастырылуда. Сондай-ақ медициналық көмек көрсету стандарттары мен клиникалық хаттамалар жетілдірілуде.

Отбасын жоспарлау кабинеттерінің, Жастар денсаулық орталықтарының жұмысын жақсарту және әйелдерді контрацепциямен қамту бойынша іс-шараларды іске асыру жалғасуда.

«Денсаулық сақтау министрлігі “Әйелдер мен балалар денсаулығын нығайту” тұжырымдамасын әзірлеуде, соның аясында елеулі іс-шаралар қаралатын болады», - деді Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары