2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,3%-ды құрады
Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсім көрсетіп отыр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Кеңесте Премьер-Министрдің орынбасарлары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3%-ға өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,7%-ды, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5%-ды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсім көрсетіп отыр.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 19,2%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 73%-ға, ауыл шаруашылығында – 33%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 12,1%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 14,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,2%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 7,2%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Ұлытау, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалды», — деп мәлімдеді Ә. Қуантыров.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы тауар айналымы 15,7%-ға өсіп, $10,3 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4%-ға өсіп, $6,1 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5%-ға ұлғайып, $2,1 млрд-ты құрады. Тауарлар импорты $4,2 млрд-қа жетті. Жалпы, оң сауда балансы $1,9 млрд-қа тең.
Ұлттық энономика министрінің айтуынша, бүгінде өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 2,5%-ға өскен. Көрсеткіштің өсуі 16 өңірде тіркелген. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Алматы облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсімді көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 31,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 34,2%-ға, электр жабдықтарын жасаудың – 49%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 9,6%, мұнай өңдеу өнімдері – 5,4%, химия өнеркәсібі – 3,6%, сусындар өндірісі – 22,6%, фармацевтика өндірісі – 16,7%, жеңіл өнеркәсібі – 34,3%. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ға жоғарылады. Бұл ретте көмір өндіруді қоспағанда, барлық салалар бойынша өсім байқалады. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру – 2,1%-ға, газ өндіру – 1,1%-ға, мұнай өндіру – 0,1%-ға, сондай-ақ өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 12,9%-ға өсті.
Биылғы қаңтар-ақпанда 2,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,2%-ға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстарында байқалды.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,9%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсімі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Қостанай облыстары көрсетті.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 6 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында тіркелді. 6 көрсеткіш бойынша өсім 9 өңірде байқалды. Бұлар – Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов 2023 жылдың ақпан айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер сақталғанын жеткізді. Оған COVID-19 шектеулері алынғаннан кейін Қытай экономикасының қалпына келуі мен жаһандық тауар жеткізу тізбектерінің жақсаруы әсер еткенін атап өтті.
«Ақпан айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік индикаторы 50-ді көрсетті. Бұл оң өзгерістердің де, теріс өзгерістердің де болмағанын көрсетеді. 49,1-ден 51,6-ға дейін көтерілген құрылыс саласында іскерлік белсенділіктің жақсарғаны байқалды. Қызмет көрсету секторында индекстің төмендеуіне қарамастан, индекс 50,6-ны құрап, оң «аймақта» қала берді. Бизнес-климат индексі біршама жақсарды. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, бизнес жүргізудің қазіргі жағдайлары аздап төмендегеніне қарамастан, қолайлы болып қалды. Сонымен қатар бизнес жүргізудің алдағы жағдайларына қатысты болжамдар жақсарды. Барлық секторда тауар жеткізу мерзімдерінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып қалып отыр», — деді Ұлттық банк басшысы.
Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айында ең жоғары мәнге жеткен соң, біртіндеп төмендеуде, бірақ ол ақпанда 1,3%-ға дейін аздап жеделдеді. Осылайша айлық инфляция құбылмалы болып тұр және 5 жыл ішіндегі орташа жылдық мәннен асатын деңгейді құрап отыр. Жылдық мәнде ақпан айындағы инфляция 21,3%-ға жетті.
Ұлттық банк ақпан айында кезекті болжамды раундты аяқтады. Жаңа деректер мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамы биыл 9-12%-ға дейін, 2024 жылы 6-8%-ға дейін қайта қаралды, 2025 жылы өзгеріссіз – 4-6% деңгейінде сақталды.
«Геосаяси жағдайдың салдарынан және оның белгісіздігінен, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуынан сыртқы проинфляциялық факторлар сақталуда. Инфляцияның ішкі тәуекелдері тұрақты ішкі сұранысқа, логистикалық жеткізу жолдарының қайта құрылуына және ынталандырушы фискалдық саясат пен жоғары инфляциялық күтулерге байланысты. Уақыты жеткен реформаларды жүзеге асырған кезде реттелетін бағалардың өсу ықтималдығы Ұлттық банктің болжамында ескерілмегенін атап өтемін», — деді Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, биыл 24 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдаған. 2023 жылғы бірінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені қазіргі мәнінде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада таргеттелетін деңгейге дейін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді.
«Инфляция таргеті бойынша Ұлттық банк өткен жылдың ортасынан бастап инфляцияның қолданыстағы нысаналы мәндерінің ішкі экономикадағы қалыптасқан жағдайларға және сыртқы ортадағы өзгермелі жағдайларға сәйкестігін бағалау үшін арнайы зерттеулер жүргізіп жатыр», — деп атап өтті Ғ. Пірматов.
Биылғы 25 сәуірде Ұлттық банк «Ақша-кредит саясатының стратегиялық мәселелері. Жаңа экономикалық жағдайдың сын-қатерлері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді. Конференцияда Ұлттық банктің, халықаралық ұйымдардың және академиялық қоғамдастықтың Қазақстан Республикасындағы ақша-кредит саясаты мәселелері жөніндегі зерттеулердің нәтижелері талқыланады.
Биыл жыл басынан бастап ақпан айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 445,66 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайған. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізбеген.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 497 млрд теңгеге немесе 3,4%-ға ұлғайып, ақпан айының соңында 15,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 210,4 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 319,9 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 40,8 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 21,8 млрд теңге болды.
Жинақталған инфляция кезінде зейнетақы активтерінің 118,90% жинақталған кірістілігі шоғырландырылған сәттен бастап 118,93%-ды құрады.
Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 3,4 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 107,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2,5 трлн теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,5%-ке орындалды. Кірістер бойынша жоспар 12 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар емес кіріс – 20 млрд теңгеге асыра орындалды.
Салықтар бойынша жоспар 8 млрд теңгеге орындалмады. Салықтар бойынша орындалмаудың негізгі сомасы пайдалы қазбаларды өндіру, корпаративтік табыс және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж салықтары тиесілі.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 135%-ға атқарылды және 882 млрд теңгені құрады. Жоспар 228 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 210 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар да барлық өңірлерде асыра орындалды.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 96,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,6%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 3,4 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді.
Атқарылмау 123 млрд теңгені құрады, оның ішінде 22 млрд теңге – үнемделген қаржы. Игерілмегені – 100 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы ішкi iстер, қаржы, ғылым және жоғары білім, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде қалыптасты.
Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамау; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 45 млрд теңге.
Осы жылы өңірлерге 1,2 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 56 млрд теңге бөлінген. Оның 80%-ы игерілген. 11 млрд теңге игерілмеді.
Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалаларында, Павлодар және Абай облыстарында орын алған. Игерілмеудің негізгі себептері: қадағалау органдарының нұсқамалары, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау.
Мемлекеттік аудит бойынша биылғы 2 айда 3,4 трлн теңгеден астам сомаға 136 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды.
Е. Жамаубаевтың айтуынша, тексеру қорытындылары бойынша 13 943 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталып, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 85%-ын орындады. 332 аудиторлық іс-шара өткізілген болатын. Аудитпен шамамен 169 млрд теңге бюджет қаржысы қамтылды. 4,5 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды.
«Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 1,2 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит нысандары қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 332 ұсыным берілді», — деп атап көрсетті Е. Жамаубаев.
Мемлекеттік активтерді басқару бойынша Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 669 нысанды сату көзделген. Қазіргі есепті кезеңде сомасы 307 млрд теңгеге 367 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 35 объекті сатылуға қойылды. 62 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 205 нысан сату алдындағы дайындықта.