$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2023, 18:33
Үкімет

Есірткі сайттарын анықтау және бұғаттау үшін жасанды интеллект пайдаланылатын болады – ІІМ

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспары әзірленді

Есірткі сайттарын анықтау және бұғаттау үшін жасанды интеллект пайдаланылатын болады – ІІМ

ҚР Ішкі істер министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ведомство басшысы Марат Ахметжанов баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспары әзірленді. Оның негізгі мақсаттары – есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе синтетиканың жолын кесу; нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтау; есірткіні қолданатындарды анықтау; уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру; материалдық-техникалық жағдайды жақсарту.

«Кеше Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды. Кешенді жоспардың бұрынғы құжаттарға қарағанда, бірқатар ерекшелігі бар. Осы күнге дейін нашақорлықтың профилактикасы әлсіреп кеткенін ашық айту керек», - деді М. Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, Ішкі істер министрлігі тек қылмыстық қудалаумен айналысып, басты мақсаты жазалау болды. «Уәкілетті орган» мәртебесі ретінде үйлестіру міндеті екінші орынға кетті. Басқа мүдделі органдардан белсенділік байқалмады. Жауапкершілік аймағы айқындалмады. Ведомстволық қарым-қатынас тиімсіз болды.

Сондықтан Кешенді жоспар жобасында Ішкі істер министрлігінің үйлестіру функциясы айқындалды; әрбір органның міндеттері белгіленді; іс-шараның басым бөлігі профилактикаға бағытталды; индикаторлар белгіленді; қаржыландыру көлемі бекітілді. Құжатты әзірлеуге 2 мыңнан астам азамат, 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым жұмылдырылды. Шетелдік тәжірибе зерттелді.

Былтыр Алматыда, Орталық Азия өңірлік үйлестіру орталығының, яғни ЦАРИКЦ-тің базасында халықаралық ұйымдардың; Орталық Азия, Беларусь, Ресей және АҚШ елдерінің құзыретті органдары; бірқатар сарапшының қатысуымен Жоспардың жобасы талқыланды. Құжаттың ұлттық және трансшекаралық деңгейде маңызы атап өтілді. Ұсынылған шараларға жоғары баға берілді.

Сондай-ақ Парламент мәжілісінде Ведомствоаралық жұмыс тобында, министрліктің Есірткіге қарсы штабында жоспар талқыланды. Жалпы есірткі ахуалына 3 негізгі фактор әсер етеді. Олар:

  • Орталық Азия елдері, Қазақстан, Ресей, одан әрі Еуропа маршруты арқылы, яғни «Солтүстік бағыт» бойынша ауған героинінің трафигі;
  • оңтүстік өңірлердегі каннабистің шикізат базасы
  • ең қауіпті фактор – синтетиканың таралуы.

Әрі қарай ішкі істер министрі Марат Азхметжанов Кешенді жоспардың негізгі бағыттарына тоқталды.

Біріншісі. Қазір жоғары технологиялардың нағыз дамыған заманы. Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшті. Есірткіні «телеграмм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр.

«Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты болды. Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық. Бірақ бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені жаңа сайттарды ашу – тез. Ал оны анықтауға ұзақ уақыт кетеді. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі олар шетелдерде орналасқан. Мұндай заңсыз “контентті” тоқтату үшін заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет», — деді М. Ахметжанов.

Сондықтан Кешенді жоспарда тиісті құралдармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Олар әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Кибернадзор» жүйесі – сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды. Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады.

Екінші мәселе – есірткіні жасырын түрде жасау немесе өндіру. Оларды тиімді анықтау үшін Ұлттық ұланның арнайы бөлімдері «дрондармен» жабдықталады. Олардың мақсаты – қолжетімсіз жерлерге, қарасора, яғни «конопля» егілген аймақтарға әуе барлауын жүргізу және «газо-анализатор» арқылы есірткі зертханаларын анықтау.

Үшіншісі – есірткі сараптамасының сапалық деңгейін көтеру. Алғашқы синтетикалық есірткілер Қазақстанда шамамен 10 жыл бұрын пайда болды. Ал зерттеу құралдары мен әдістемесі – ескі күйде. Қазіргі уақытта «синтетиканың» күн сайын жаңа түрлері шығып жатыр.

Министрдің айтуынша, соңғы 4 жылда тәркіленген «синтетика» саны 100 есе өсті. Сондықтан бұл есірткінің сот сараптамасы күрделі санатқа жатады. Оны өткізуге 1 ай немесе одан да көп уақыт кетеді. Өз кезегінде бұл тергеу сапасына кері әсерін тигізеді. Күдіктілерге қарсы «жазаның бұлтартпастық» принципі сақталмай келеді. Мысалы, сарапшының қорытындысы шықпай, «қамаққа алу» шарасын қолдануға болмайды. Осының кесірінен бүгін 108 қылмыскерге іздеу жарияланды. Сондықтан сот сараптамасы органдарын заманауи және сапалы құралдармен жабдықтау қарастырылады.

Төртінші мәселе – есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, сондай-ақ профилактиканың тиімді жүйесін қалыптастыру.

«Бүгін нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікіріне сәйкес, олардың нақты саны ресми деректерден кемінде 5 есе көп. Сондықтантолыққанды есепті қалыптастыру үшін мәліметтерді әртүрлі дерекөздерден алу қажет», — деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта, өкінішке орай, есірткі қолдану фактілері тіпті оқушылар қатарынан анықталуда. Сондықтан болашақта скрининг өткізу жүйесін енгізуді жоспарланып отыр. Бұл – қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар наркологиялық көмек пен қайта оңалту сапасын арттыру қажет. Ол үшін наркологиялық диспансерлерді жаңғырту және жөндеу; емдеу-еңбек шеберханаларын құру көзделіп отыр.

Бесіншісі. Транзиттік есірткілер және «синтетиканы» дайындауға арналған прекурсорлар шекаралас мемлекеттерден жүк ағынымен келуде. Оларды халық тұтынатын тауарлар немесе заңды химиялық заттар түрінде жасырады. Осыған орай Кешенді жоспардың бір шарасы – мемлекеттік шекараны тексеру құралдарымен қамтамасыз ету.

«Жалпы Кешенді жоспарды іске асыру үшін Республикалық бюджеттік комиссияның тиісті келісімі бар. Жоспарда көзделген кешенді шаралар бүгінде қоғамның ең қауіпті індетіне айналған нашақорлық деңгейін азайтуға, ұлтымыздың болашағын қорғауға септігін тигізеді деп есептейміз», — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Әрі қарай мәселе бойынша денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық препараттардың таралуы ұрпақтың болашағына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Бұл Қазақстан үшін де, әлемнің барлық елдері үшін де өзекті мәселе болып отыр», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, ресми статистикалық деректерге сәйкес Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан 108 мың адам, оның ішінде алкогольге тәуелділігі бар 90 мың адам, есірткіге тәуелділігі бар 18 мың адам динамикалық бақылауда тұрады. 1 500 әйел мен 100-дей кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелді болып отыр.

Сондай-ақ «синтетикалық» жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өсу тенденциясы байқалады.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуныша, соңғы жылдары психикалық денсаулық сақтау қызметінде нашақорларға көмек көрсету бөлігінде мынадай өзгерістер жүргізілді.

Медициналық көмек көрсету құрылымы оңтайландырылды – 17 өңірлік психикалық денсаулық орталығы құрылды. Қалалық және ауылдық жерлерлерде көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ауруханаларда 82 бастапқы психикалық денсаулық орталығы және 203 психикалық денсаулық кабинеті ашылды.

«Денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйін, проблемалық мәселелерді ескере отырып, нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасында негізгі міндеттер мен іс-шаралар айқындалды. Денсаулық сақтау министрлігі – 8 іс-шараның негізгі орындаушысы және 9 іс-шараның бірлескен орындаушысы», — деді Т. Сұлтанғазиев.

Кешенді жоспарда халықтың хабардарлығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықтың барлық топтарының арасында кең ақпараттық науқан жүргізу көзделген.

Есірткіге тәуелді адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру ремиссияның мерзімі мен ұзақтығын бекітуге және толық емделуге мүмкіндік беретін медициналық-әлеуметтік оңалтумен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда 3 кезеңдік бағдарлама тек 11 өңірде пациенттер үшін қолжетімді. Қалған 9 өңірде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Сондай-ақ Кешенді жоспарға өңірлік және республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызметті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар енгізілген.

«Медициналық статистика мемлекеттік медициналық ұйымдарға көмекке жүгінген адамдардың санын ғана көрсетеді және есірткіні тұтынудың нақты деңгейінің көрсеткіші бола алмайды», — деді Т. Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, әлемде ұйымдастырушылық және басқа шешімдер қабылдау үшін жасырын есірткі тұтыну деңгейін анықтаудың әртүрлі әдістері мен тәсілдері бар. Осыған байланысты Лиссабондағы Есірткі және нашақорлық жөніндегі Еуропалық мониторинг орталығының озық халықаралық тәжірибесі зерделенеді және оның қорытындысы бойынша Қазақстанда осындай орталықты құру мәселесі қаралатын болады.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ұзақ ремиссиямен динамикалық бақылаудан алынған адамдардың үлесі мен медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерінің артауы, апиындық агонистері бар қолдаушы терапиямен қамтудың ұлғаюы күтілуде», — деді денсаулық сақтау вице-министрі.

 

Серіктес жаңалықтары