ШҰАА шекара маңы өңірлерімен ынтымақтастыққа ашық
Жиында ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды
2023 жылғы 28 наурызда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы ынтымақтастығының II Достық диалогы қарсаңында Алматы қаласында өткен екі ел делегацияларының кездесуінде тараптар өзара ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кездесудің негізгі лейтмотиві ШҰАА-ның сауда-экономикалық саясатындағы бұрынғы оқшауланудан ашықтық пен ынтымақтастыққа өту бойынша елеулі өзгерістерді жариялауы болды.
Алматы әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған кездесу достық әрі өзара құрмет жағдайында өтті. Қытай делегациясының басшысы, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй қазақстандық тарапқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстан Президенті кездесу барысында делегацияны жылы қабылдап, айрықша ілтипат көрсеткенін ерекше атап өтіп, мұны ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы жеке достықтың және Қытайдың көпұлтты халқына деген ізгі ниеттің көрінісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Бұл сапар біз көптен күткен үмітімізге жан бітірді және шекара маңы өңірлерінің әкімдерімен кездесуді асыға күтеміз. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тек Қытай аумағында ғана емес, сонымен қатар сыртқы әлемге ашықтыққа бағытталған Қытайды жаңғыртудың ауқымды жоспарын ұсынды. Қытайлық жаңғырту тек ҚХР-ға ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге, соның ішінде Қазақстанға да тиімді болады», — деді Ма Синжуй.
«Мемлекеттер басшылары берген тапсырмалар аясында біздің жұмысымыз барынша нәтижелі болуы тиіс. Бүгін қазақстандық тараптан кездесуге өңірлердің, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің, темір жол саласының басшылары өзекті мәселелерді талқылауға, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қазақстан үшін ашық Қытайдың батыс қақпасы болуы үшін не істей алатынымызды анықтауға келді. Өз тарапымнан Ма Синжуй мырза, ҚХР жоғары басшылығына Шығыс Қазақстан облысының аумағында аккредиттелген көпсалалы сынақ зертханасын құру және оның жұмысына жабдықтар беру бастамасы үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ынтымақтастықтың негізгі перспективалық бағыттары – ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, туризм салалары. Қытай тарапынан Алматыда және Үрімшіде кешенді терминалдар салу, сондай-ақ авиарейстер санын көбейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. ҚХР-мен шекаралас өңірлердің – Алматы қаласы, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері өзара ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, Алматы әкімі Ерболат Досаев ШҰАА кәсіпкерлерін бірлескен жобаларға атсалысуға шақырды.
«Алматы ел экономикасының 17%-ын және мемлекеттік бюджет кірістерінің 26%-ын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның дамуында ерекше орын алады. Қытай капиталының қатысуымен республика бойынша барлық кәсіпорындардың жартысынан көбі Алматы қаласында орналасқан. Достық қарым-қатынасымыздың арқасында біздің мегаполис пен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. 2022 жылы тауар айналымы 1,5 еседен астамға ұлғайып, $6,8 млрд-ты құрады. Форум еліміздің өңірлері мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін беретініне сенімдімін», — деді Ерболат Досаев.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыс аумағында бірлескен инновациялық кәсіпорынның, қуаттылығы жылына 200 тонна уран болатын АЭС үшін жылу бөлетін құрастырмалар шығаратын зауыттың даму перспективаларына назар аударды. Зауыт барлық өнімін Қытай нарығына экспорттайды. Ол бұл сәтті жоба екі ел арасындағы қарым-қатынасты айтарлықтай нығайтатынын атап өтті. Жоспарланған қуаттылыққа жеткенде жалпы табыс $120 млн-нан $200 млн-ға дейін артады.
Сондай-ақ тантал мен бериллий өндірісі саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері де атап өтілді.