«Жылу энергетикасындағы проблемалардың беті ашылды»: Смайылов әкімдіктерді сынады
Ол бұл жағдайлардан әкімдіктер қорытынды шығаруы керегін жеткізді
Жылу энергетикасындағы проблемалардың беті ашылды. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып берді. Мұның барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер Үкіметте бірнеше рет қаралды. Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтіп жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керек», - деді Әлихан Смайылов.
Ол атағандай, өткен жылыту маусымында авариялардың саны айтарлықтай өсті.
«Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да көптеген инфрақұрылымдық ақаулар болды.
Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірмен қамтамасыз ету және оны уақытылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл – жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді. Біз алдын-ала болжау жүйесінің жұмыс істемейтініне көз жеткіздік. Бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ.
Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан, қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп.
Олардың басым бөлігі, жылу желілерінің тозуына қатысты», - деді ол.
Смайылов Үкімет қабылдайтын шаралар туралы айтты:
- Біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіледі және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді;
- Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады;
- Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді.
«Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ, 2 мың км жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтқым келеді. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ті құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек», - деді Смайылов.
Премьер-министр атағандай, энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарда қарастыру керек.
«Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс.
Жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керек. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізіледі», - деді ол.