Жаңа заң: митингке шығу үшін биліктен рұқсат сұраудың қажеті болмайды

Алаңға шығатындар жергілікті атқару органдарын тек алдын ала ескертуі қажет

Жаңа заң: митингке шығу үшін биліктен рұқсат сұраудың қажеті болмайды

Қоғамда қызу талқыланып жатқан Бейбіт жиындар өткізу туралы жаңа заң жобасы бекітілсе, митингке шығу үшін рұқсат алудың қажеті болмайды деп жазады Хабар-24.

Тек демонстрация мен шерулер кезінде ғана белгілі бір талаптар қойылуы мүмкін. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. Министр жаңа заң жобасын халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе талқылап, олардың сауалына жауап берді.

Бастапқы жасалған жобада 18 жасқа толмағандарға жиынға қатысуға тыйым салынса, кейін бұл шектеу алынып тасталды. Себебі, халықаралық бала құқығын қорғау ұйымдарының талабына қайшы келген. Министр заң жобасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асқанын айтып, бірқатар артықшылығына тоқталды.

Заңда ұйымдастырушының, қатысушының, журналистің құқығы мен міндеттері барынша айқындалған. Талқылауға қатысқан Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ өкілдері өз ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Конрад Аденауэр атындағы саяси қор жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың 73 пайызы бейбіт жиындардың биліктің келісімімен өткенін қалайды екен.

«Жалпы, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, бейбіт жиындар өткізу кезінде ең бастысы – қоғамдық тәртіптің сақталуы. Тіпті, кейбір демократиялық елдердің өзі қоғамдық-саяси ахуал ушыққаннан кейін бейбіт жиындар өткізу туралы қолданыстағы заңнамаларын қатаңдатты. Керісінше, бұл орайда либералды көзқарасты ұстанып отырған елдер де бар. Біздің заң жобамыз осы бағытта өзгеріс енгізіп, қадам жасайды деп айтуға болады. Заң жобасы барлық қалада талқыланды. Түрлі пікір болды. Мемлекет басшысының шешімімен біз тек хабарлау ережесін ұсынатын боламыз», - деді Дәурен Абаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.