«Зейнеткерлерге жалынамыз». Кәсіпкер аграрлық сектордағы олқылықтарға тоқталды
«Олжа Агро» бас директоры агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы басты проблемаларды атады
Айта кетейік, бүгін Сенатта қос палата депутаттарының қатысуымен агроөнеркәсіпті дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Талқылауға қатысқан «Олжа Агро» ЖШС бас директоры Айдарбек Қожаназаров пікірін ортаға салып, Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған негізгі факторларды атады.
«Дәл қазір ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығын қатты байқалады. Біз мінберден «ет шаруашылығын дамытамыз» деп жар саламыз, бірақ, кәсіби зоотехникалар жоқ. Қолда бары жұмыс істейді, бірақ ескірген. Жаңа кадрлар тапшы, мал бағатын адам жоқ. Қостанай мемлекеттік университетінің басшылығы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2018 жылы 15 зоотехнолог, 2019 жылы небары 40 шақты маман оқу бітірген. Тіпті, жергілікті ауыл шаруашылы колледжінде зоотехнология бөлімі жоқ», - дейді кадр тапшылығына тоқталған директор.
Оның айтуынша, агроном, фитопатология, мал дәрігері, агромеханик мамандықтарына қатысты да дәл осындай жағдай бар.
«Қазір «Олжа-Агро» шаруашылығына 270 вакансия ашық, яғни, бізге 270 маман керек. Ал біз жұмыс жоқ дейміз. Нақтырақ айтқанда, 20 агроном, 114 механизатор, 3 мал дәрігері мен 20 зоотехник керек. Ал бізде жұмыс істейтін зоотехниктердің жартысы зейнет жасындағы адамдар. Оларға жыл сайын «жұмыстан кетпеңізші» деп жалынамыз. Көрдіңіздер ме, ауыл шаруашылығын сеніп тапсыратын мамандар жоқ. Қазақстандағы аграрлық сектордың күні зейнеткерлер мен өздігінен білім алғандарға қарап отыр. “Болашақ» бағдарламасының гранттарын жоспарлағанда осы жағдайды ескеру керек деп ойламайсыздар ма?», - деді ол.
Оның айтуынша, саладағы кадр тапшылығы білім беру және ғылыми базаның әлсіздігінен қалыптасқан.
«Мойындаңыздаршы, басқа мамандыққа түсе алмай қалған, жолы болмаған жастар амалдың жоғынан аграрлық мамандық таңдауға мәжбүр. Бірақ, халықтың жартысы ауылда тұрады, солай бола тұра, студенттердің тек екі пайызы ғана аграрлық саланы таңдайды. Сол 2 пайыздың жартысы ғана оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс атқармайды. Бұл нағыз катастрофа емей немене?», - дейді Айдарбек Қожаназаров.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан