Депутаттар түскі ассыз қалды
Бүгін Сенатта агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде парламенттік тыңдау өткен болатын
Таңғы 10.00-де ауыл шаруашылығы өнімдерінің кішігірім көрмесімен ашылған парламенттік тыңдау төрт сағаттан астам уақытқа созылды.
Сенат және мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Ақтөбе облысының әкімі мен өзге аймақтардағы әкімдік өкілдері, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпорындар мен «ҚазАгро» холдингі басшылары жиналған парламенттік тыңдаудың басты тақырыбы – ауыл шаруашылығын дамыту тетіктерін талқылау еді.
Парламенттік тыңдауға төрағалық еткен Дариға Назарбаева Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы қолжетімсіз екенін, осылайша, агроөнеркәсіптік кешенге салынған қыруар қаражат өз-өзін ақтамағынын айтты.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева Қазақстанда азық-түліктің 80% неге қол жетімсіз екеніне жауап іздеді
Парламенттік тыңдауда АӨК-ді дамытудың нақты бір ұсыныстары айтылмаса да, талқылаушылар жеке-жеке пікірлерін білдіруге асықты. Модератор болған «Ауыл» партиясының төрағасы, депутат Әли Бектаев отырыс соңында «қалған пікірлерді жазбаша берейік» деген әріптестерінің сөзін жақтаймын деп, сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның орынбасары, депутат Бектас Бекназаровтан сөз естіп қалды.
«Әли Әбдікәрімұлы (Бектаев - авт), бүкіл қаңтар, ақпан айында ауыл шаруашылығына байланысты қаншама маңызды мәселе көтерілді. Енді соның қорытындысы бүгін шығайын деп отыр. Қанша кісіні шақырып отырмыз. Ары кетсе, тағы бір-екі сағат отырармыз. Келген кісілерді тыңдайық. Екі ай атқарылған жұмыстың нәтижесін бүгін оңды шығару үшін кешке дейін отырсақ та, отырамыз. Бұл мәселені түбіне дейін жеткізу керек. Асығудың қажеті жоқ. Түскі асқа бармай, кешкі тамақты бірақ ішерміз. Онда тұрған ештеңе жоқ», - деді Бекназаров.
Депутаттар мен жиналғандар осы ұсынысты қолдап, парламенттік тыңдау түскі 15.00-ге таяу толық аяқталды.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан