«Пияздың келісі 400 теңге»: Смайылов әкімдердің жұмысын сынға алды

Azattyq Rýhy

Премьер-министр биыл азық-түлік инфляциясы 10 пайыздан аспау керектігін еске салды

«Пияздың келісі 400 теңге»: Смайылов әкімдердің жұмысын сынға алды
Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдер жұмысына салғырт қарағаннан пияздың бағасы аспандап кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ.

Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес.

Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісім-шарт жасау тапсырылды.

Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады? Келісі – 400 теңге!»,- деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр елімізде пияз бағасын төмендету үшін экспортқа тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға тура келгенін де айтты. Ол биыл азық-түлік инфляциясы 10 пайыздан аспау керектігін де еске салды.

«Біздің міндетіміз – 2023-ші жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 10%-тен асырмау. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет.

Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.