$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әкімдердің жалаң есебі мен жалған ақпараты 2 айдың ішінде екі бірдей ірі апатқа әкеп соқты – Премьер-министр

Үкімет басшысы жергілікті әкімдіктер мен ведомство басшыларына бірқатар тапсырма берді

Әкімдердің жалаң есебі мен жалған ақпараты 2 айдың ішінде екі бірдей ірі апатқа әкеп соқты – Премьер-министр
Фото: ашық дереккөзден

Әкімдердің жалаң есебі пен жалған ақпаратының соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. 2 айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Осылай деген Премьер-министр Үкімет отырысында аталған мәселеге қатысты жергілікті әкімдіктер мен ведомство басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Сонддай-ақ, Әлихан Смайылов Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының  жылу беру жүйесіндегі олқылықтарды да сынға алды.

«Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шұғыл шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», - деді ол.

Тексерулердің нәтижесінде өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттарға сай келмейтінін дәлелдеді.

«Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен  сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ. 

Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар», - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы тұтынушылардың қарыздары және газдандырудағы қиындықтарға да тоқталып өтті. Бұл ретте әсіресе, жаңадан салынып жатқан жылу орталықтарының құрылыс жұмыстарының созылып кетуі алаңдаушылық тудырады. 

«Елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады. Сондықтан, желілердің техникалық жағдайын тексеруді жалғастыру керек. Энергетика министрлігі электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтау керек. Бұл салада қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін тексеру жұмыстары сапалы әрі ешқандай бұрмалаусыз шынайы жүруі тиіс», - деді Смайылов.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов өз сөзінде келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталатынын атап өтті. 

«Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-тен асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді. Осыған байланысты өңір әкімдіктері жекеменшік энергетикалық және инфрақұрылымдық объектілердің жағдайын кешенді түрде қарасын. Қаржы министрлігі жылу желілерін реконструкциялауды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтасын. Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастырсын», - деді Премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары