2023 жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлінеді – Мемлекет басшысы

Әсел Оршыбекова

Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды

2023 жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлінеді – Мемлекет басшысы
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Жалпы, «Бармақ басты, көз қысты» дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан, астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс. Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр», - деді Президент.

Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Бұл ретте елде биыл астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Мемлекет басшысы осы орайда  заманауи технологияны қолданудың маңыздылығын атап өтті.

«Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ, тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ», - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді.

«Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды», - деді Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.