Құл-Мұхаммед Ішкі істер министрлігінің жұмысын сынады
Сенатор Төтенше жағдайлар комитеті өз алдына министрлік болу керек деп есептейді
Бүгін Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Ішкі істер органдарын реформалауға арналған 2019-2021 жылғы жоспар туралы талқыланды. Отырысты жүргізген Сенаттағы Халықаралық қатынастар және қорғаныс комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ішкі істер министрлігі жұмысын сынға алды. Айтуынша, ведомство жұмысының дұрыс жүрмеуіне жиі болатын құрылымдық өзгерістер кері әсерін тигізіп отыр.
«Өкінішке қарай, елімізде Үкімет құрамында болатын жиі-жиі өзгерістердің нәтижесінде осы министрлік жұмысы кейінгі кезде баяулай түскен сипаты бар. 2002 жылы Ішкі істер құрылымының құрамынан қылмыстық атқару жүйесі алынып, ол Әділет министрлігінің құрамына берілді. Бірақ бұл дұрыс нәтиже берген жоқ. Сөйтіп оны қайтадан Ішкі істер министрлігі құрамына қайтаруға тура келді. Сондай-ақ түрлі құжаттарды тіркеу, халықпен жұмыс істеу сияқты қызмет атқаратын комитет болды. Оны да 2005 жылы Әділет министрлігі құрамына бердік. Бұл да нәтиже бермей, өзіне қайтарып бердік», - деді ол.
Сенатор жұмыс жүйелі жүру үшін Төтенше жағдай комитетін өз алдына министрлік ету керек деп есептейді.
«Көптеген мемлекеттерде жеке министрлік болып отырған Төтенше жағдайлар деген орган бар. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9 орында дейтін болсақ, мұндай үлкен мемлекетте төтенше жағдайлар жөніндегі органның да жеке дара министрлік болуға толық құқы бар. Әзірге бұл сала Ішкі істер министрлігінің құрамында», - деді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан