«Diamond Princess» круизінде болған 4 қазақстандық ертең елге оралады
Олар қазір Токио қонақ үйлерінің бірінде
Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, бүгін «Diamond Princess» круиздік лайнерінде болған тағы екі азаматымыз шықты. Олар қазір Токио қонақ үйлерінің бірінде демалып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Лайнерде болған біздің барлық азаматымыз коронавирусты анықтайтын тесттен өтіп, нәтижелері теріс шықты. Олар ертең елге оралатын болады деп күтілуде. Біздің Токиодағы дипломаттар лайнерде Қазақстанның азаматтары бар екені белгілі болған кезден бастап олармен тұрақты байланыс орнатып, оларға қажетті барлық консулдық-құқықтық көмек көрсетті», - делінген хабарламада.
Бұған дейін коронавирус жұқтырған адам бар деп карантинге жабылған «Diamond Princess» лайнерінде қазақстандық төрт азамат болды. 19 ақпанда Жапонияның Иокогама портында тұрған лайнердегі карантин аяқталып, бүгін ондағы Қазақстан азаматтары шығарылды.
Естеріңізге салсақ, Жапония жағалауында тұрған лайнерде 5 ақпанда бір адамнан коронавирус табылып, круиз карантинге жабылған. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. Қазір круизде 218 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. 20-шы ақпан күні Коронавирус жұқтырған Diamond Princess кемесінің екі жолаушысы қайтыс болған еді.
ДДСҰ мәліметінше, қазіргі уақытта Қытайдан тыс аумақтарда, яғни өзге шетелдерде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 2069 адамға жеткен, 23 адам қайтыс болған. Кеше ғана Оңтүстік Кореяда коронавирустан алғашқы адам көз жұмды. Науқас індетті Тегу қаласындағы шіркеуде жұқтырғандардың бірі болған. Қазір оның өлімі зерттеліп жатыр. Ал бірер күн Тегу қаласындағы шіркеуге барған 61 жастағы әйелден қауіпті вирус анықталды.Бүгінде Қытайдан өзге, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдері коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны жағынан алдыңғы орында тұр.