Дариға Назарбаева: Контрабандалық тауарлардың зияны көп
Сенат төрағасы контрабандалық жүктер көбінесе былғары өнімдері, киім-кешек және ойыншықтарға тиесілі екенін атап өтті
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауға дайындық барысында былғары және аяқ киім өндіруші кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өткізді. Онда еліміздегі былғары, тері және аяқ киім өндірісі саласының түйінді мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Статистика бойынша бүгінгі күні Қазақстанда 1071 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде киім-кешек өндіретін 632, текстиль өнімін шығаратын 322, тері және онымен байланысты өнім шығаратын 117 кәсіпорын бар.
«Azala» компаниясы бақылаушылар тобы кеңесінің төрағасы Бауыржан Жамалов өз баяндамасында отандық текстиль өнімдеріне деген жоспарлы сұраныстың жоқтығын алға тартты. Ол офф-тейк-келісім жасаудағы қиындықтарға тоқтала келіп, оның тапсырыс шартының өзгеруімен байланысты екенін айтты.
«Айтар болсақ, біз 2016 жылы Қорғаныс министрлігімен келісімге қол қойдық. Алғашқы келісім 3 жылға жасалды, бірақ 5 жылға дейін ұзарту мерзімімен. Сондай-ақ, бізге қосымша 5,3 млрд теңге инвестиция құю міндеті артылды. Біз құрал-жабдықтарды сатып алып, кеңейе бастадық. Араға 2 жыл салып, министрлік 100% пайыз мақта өнімінің орнына қоспалы мата болу керек деген өзгеріс енгізді. Біз тағы 1 млн 200 мың АҚШ долларына қажетті құрал-жабдық сатып алып орнаттық. Өткен жылы ол аз деп, енді полиуретанды жабын жасау керектігін айтты. Желтоқсан айында Қорғаныс министрлігіне 60 мың метр мата жеткіздік. Алайда олар 5 жылдық келісімшартты бұзумен қатар, полиуретанды жабыннан да бас тартты. Біз үшін қиын, бұлай жұмыс істей алмаймыз. Инвестиция құямыз, ал министрлік офф-тейк келісімді жоққа шығарып отыр», - деді Б. Жамалов.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі бір апта бұрын жаңа тендер жариялап, оның қорытындысы 3 күннің ішінде белгілі болған. Сонымен қатар, тендерге қатысты алдын ала хабарландыру және байқаудың шарты жарияланбаған.
Дариға Назарбаева аталған мәселені қолданыстағы заң аясында қайта қарауды ұсынды.
«Өндіріс толық көлемде жүріп жатқанда, келісімді бұзып, біз енді жаңа шартпен жұмыс істейміз деп қалай айтуға болады? Осы орайда, құрметті әріптестер мен сіздермен келісімшарт жасасуға қойылатын қатаңдату талаптарына қатысты заңды қайта қарауды ұсынамын. Әсіресе мемлекет кәсіпорындармен келісімшарт жасаған жағдайда», - деді Д. Назарбаева.
Қазақстандағы былғары және тері өнімдерін қайта өңдеу қауымдастығының төрағасы Бейбіт Рақымғалиев өз сөзінде еліміздегі былғары және тері өнімдері саласының дамуындағы мәселелерді көтерді. Нақты айтқанда, Семей былғары және тері комбинатының жұмысына тоқталды.
«Мемлекеттік қаржы институттарының өз кестесі болды. Ол бойынша институт ғимарат құрылысын, оның құрал-жабдықтарына қаражат бөледі. Ал одан кейінгі жылыту жүйесі мен желілерге қосылуға қаржы бөлмейді. Содан соң ол проблемалы жобаға айналады. Яғни ол үшін мемлекеттен миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ, аталған кәсіпорын жұмыс істемейді. Қазір тері фабрикасының құрал-жабдықтары далада қалды. Жарты жыл бұрын ондағы барлық жұмысшыларды жұмыстан шықты. Сондай-ақ, зауыт станоктары жағымсыз ортада тұрғандықтан уақыт өте келе жарамсыз болып қалды. Құны 300-400 мың еуро тұратын станоктарды тот басуда. Егер зауыт жұмысын күні ертең жандандырмаса, ондағы құрал-жабдықтарды лақтыра беруге болады», - дейді Б. Рақымғалиев.
Одан бөлек, «Samhat» аяқ киім жасау компаниясының директоры Самал Тілеубаева аталған саладағы маман тапшылығымен қатар, балаларға арналған аяқ киімдердің сапасын қатаң бақылау проблемасын көтерді.
«Басты проблема, өзіміздің ішкі нарықтың 2 пайызында жаба алмай отырмыз. Бізде аяқ киім өндіруде ұлттық стандарт жоқ, сондықтан нарыққа сапасыз балалар аяқ киімдері түседі. Атап айтқанда, гранитоль секілді зиянды материал қолданылады», - деді С. Тілеубаева.
Өз кезегінде Д. Назарбаева контрабандалық жүктердің негізгі бөлігі былғары өнімдері, киім-кешек және ойыншықтарға тиесілі екендігін баса айтып өтті.
«Өнімдердің сапасын ешкім тексермейді, ал ол біздің экономикамызға, мемлекет қазынасы мен азаматтарымыздың денсаулығына үлкен зиянын келтіреді. Себебі шекарадан жүктер бақылаусыз өтеді. Олардың ешқандай сертификаты жоқ, зертханадан өтпеген және өнімнің қандай материалдан жасалғанын ешкім қарамайды», - деді Дариға Назарбаева.
Кездесуді қорытындылай келе, Парламент Сенатының Төрағасы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне жиында көтерілген мәселелерді зерттеп, Парламенттік тыңдауға әзірлеуді тапсырды.