$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.02.2020, 11:15
Үкімет

Төрт өңірде су тасқыны қаупі жоғары - ТЖК

Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы қай өңірлерде су тасқыны қаупі жоғары екенін айтып берді

Төрт өңірде су тасқыны қаупі жоғары - ТЖК
фото: inform.kz

Қыс маусымы аяқталуға жақын. Алда күн жылып, қар ериді. Биыл еліміздің бірқатар аумағында жауын-шашын көп жауғанын ескеретін болсақ, көктемде су тасқыны қаупі де жоғары. Бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер көктемгі су тасқыны қаупіне байланысты БАҚ өкілдеріне пікір білдірді. Оның айтуынша, биыл Солтүстік, Шығыс өңірлерде жауын-шашынның көптігіне байланысты тасқын болуы мүмкін.

«Кеше біз Қазгидромет болжамын алдық. Тасқын қаупі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында бар. Ақмола облысында жағдай қиын дейтін себебім, Атбасардағы жоғарыдан ағатын Жабай өзені үш аудан аумағы арқылы өтеді. Оның су жинау қуаты 198 мың шаршы шақырым. Өзенде су қашыртқысын бақылайтын құрылғы жоқ. Өзен әзірге тереңдетілмеген. Жобалық-сметалық құжат енді әзірленіп жатыр. Шығыс Қазақстанда да жауын-шашын көп жауды. Таудан ағатын Бұқтырма өзені бар», - деді В. Беккер.

Комитет басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтанда тасқын қаупі жоқ. Себебі Есіл өзені бойындағы су қоймаларының 60% ғана суға толды. Керек болса, ол жаққа әлі 450 млн текше метр су жіберуге болады. Оңтүстік аймақтарда да жағдай тұрақты екен.

«Әзірге Қызылорда, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында жағдай тұрақты. Бірақ бір жарым ай ішінде жағдай өзгеруі мүмкін. Сырдария өзенінде қауіп жоқ. Биыл ондағы су көлемі бұрынғыдан аз. Оның үстіне Көксарай, Шардара су қоймаларында бос орын бар. Жалпы көлемі 3,5 млн текше шақырым», - деді комитет төрағасы.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары