$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2020, 14:14
Үкімет

«Шұжықтың құрамында ет, майдың құрамында сүт жоқ» - Асылжан Мамытбеков

Экс-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортпен емес, ішкі нарықты реттеумен айналысуы тиіс деп есептейді

«Шұжықтың құрамында ет, майдың құрамында сүт жоқ» - Асылжан Мамытбеков

«Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің төрағасы Асылжан Мамытбеков отандық ет комбинаттары өнімдерінің сапасы төмен деп есептейді. Бұл туралы ол ауыл шаруашылығы министрлігінің мал экспортын шектеуге қатысты бұйрығына қарсылық білдіру үшін өткізілген жиында айтты.

«Астанада шұжық бағасы 600 теңгеден басталады. Еттің 1 келісі 1700 теңге. Бұл – шұжықтың құрамында еттен басқаның бәрі бар деген сөз ғой. Әзірге біз техникалық регламент мәселесін шешпей, ешқашан комбинаттар жұмысын жолға қоя алмаймыз. Сондықтан мәселе шикізаттың жетіспеушілігінде емес, комбинаттарды бақылай алмауымызда. Майдың құрамында сүт жоқ, шұжықтың құрамында ет жоқ. Сонда біздің комбинаттар сыр, шұжық, консервілер импортымен қалай бәсекеге түспек? Шұжық шұжық болуы керек, немесе оған басқаша атау беру керек», - деді ол.

Ет одағы өкілдері мен отандық фермерлер министрлік экспортпен емес, ішкі нарықты реттеумен, комбинаттар жұмысын дұрыс жолға қоюмен айналысуы тиіс деген пікірде.  

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша 63696 тонна ет экспортталды. Мәселе межеге жетуде ғана емес, мәселе осы саланың толық қалыптасып, аяққа тұруында. Ертең ол 60 мың 80 мың болады, сөйтіп өсе береді. Қазақстанның ет экспорттау әлеуеті аталған межеден едәуір жоғары. Біз осы даму жолынан таймауымыз керек. Комбинаттардың әлеуетін пайдалану деңгейі де бұрын өте төмен еді. Ол да қазір 57%-ға жетті», - деді А.Мамытбеков.

Еске салайық, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында тірі малды экспорттауға тыйым салынатыны туралы хабарлаған. Сөйтіп, ведомство ет бағасын арзандатып, қайта өңделген өнім көлемін арттырмақ ниетте. Алайда, министрліктің бұл шешімімен «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшылары келіспейді

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары