Мал экспортын шектеу министрліктің экономикалық қателігі – Асылжан Мамытбеков
Экс-министр А.Мамытбеков Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал экспортына қатысты шешіміне қарсы
Бүгін Елордада «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшылары ауыл шаруашылығы министрлігінің мал экспортын шектеу туралы шешіміне қарсылық білдіріп, жиын өткізді. Одақ басшысы Асылжан Мамытбеков ведомствоның бұл әрекеті ауылдағы шаруалардың кәсібіне ашық кедергі жасау деп есептейді.
«Тірі мал экспортын шектеу ішкі нарықта бағаны төмендетуге ешқандай көмегін тигізбейді. Керісінше, алып-сатарлардың табысы артады. Өткен жылы экспортқа бар-жоғы 160 мың мал басы кетті. Ал жылына біз 2 млн соямыз. Проблема экспортта емес, ет нарығының заңдастырылмағанында. Көлеңкелі тұстары мол. Ауласында мал соятындар, алып-сатарлар көп. Сол ет соңғы тұтынушының қолына жеткенше қымбаттайды. Малы барларды бизнесті заңды жасауға ынталандыратын салықтық жүйе де дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан экспортқа шектеу қойып, фермерлерді аяқтан шалғанша, осы мәселелермен айналысуы (АШМ – авт.) керек еді», - дейді А. Мамытбеков.
Ет одағы өкілдері ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге экспорттың еш кедергісі жоғын алға тартады. Қазір мемлекет отандық ет өнімімен ішкі нарықты 102%-ға қамтып отыр. А.Мамытбеков егер артық ет сыртқа сатылмаса, оны шұжық өндірісіне жіберіп, экономикалық қателікке ұрыну қаупі бар екенін де жоққа шығармайды.
«Канада импортталған етті қайта өндіруге, шұжыққа жібереді де, жоғары сапалы етін экспорттайды. Біз тірі мал экспортын шектеп, оны ет комбинаттарына жіберіп, тушонка, шұжық, «сосискаға» пайдалансақ, онда бұл экономикалық қате шешім болмақ. Экспорт та, импорт та болған жерде проблема жоқ. Еттің қымбаттауы экспортқа емес, инфляцияға, басқа тауарлардың қымбаттауына байланысты. Оны түсіну үшін макроэкономиканы оқу керек шығар», - деп ашуланды одақ төрағасы.
Түркістан облысынан келген «Құт-береке» шаруа қожалығының иесі Амангелді Сопбеков депутаттардан көмек сұрады.
«Біз 15 шаруашылық қосылып, мал санын көбейту, түрлендіру үстіндеміз. 2-3 жыл бұрын ет арзандағанда, қоралар босап қалған. Ешкім малмен айналыспай қойды. Сонда амал жоқ «колбасаға» өткізгенбіз. Қазір экспортты тоқтату малмен айналысатын қарапайым халыққа жасалған қиянат. Ташкентте 15 млн халық тұрады. Сарыағаш тұрғындары үшін етті базарға апарғаннан соларға (Өзбекстан – авт.) сатқан ыңғайлы. Бәрінде бордақыланған мал бар. Экспортты тоқтатсақ, басқа елдердің сенімін жоғалтып аламыз», - дейді ол.
Тек ірі қара еті ғана емес, сондай-ақ экспортқа шықпайтын тауарлар да қымбаттап жатқаны туралы «Қазақстанның ет одағы» ұсынған статистика
Еске салайық, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі жақында тірі малды экспорттауға тыйым салынатыны туралы хабарлаған. Сөйтіп, ведомство ет бағасын арзандатып, қайта өңделген өнім көлемін арттырмақ ниетте.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан