$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2020, 18:07
Үкімет

Ресей Байқоңыр халқына Қазақстандағы бағадан 16 есе қымбат газ сатып отырған

Келісім бойынша Қызылорда облысының монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес болуы тиіс

Ресей Байқоңыр халқына Қазақстандағы бағадан 16 есе қымбат газ сатып отырған
Фотоколлаж

Бүгін министр (Энергетика миистрі) ретінде төменгі палатаға алғаш рет келген Нұрлан Ноғаевты депутаттар қол соғып қарсы алды. Ведомство басшысы Мәжіліске «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Байқоңыр кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау» үшін келген.

«Қазір елді мекендерді газдандыруға баса назар аударылып отыр. Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салу магистралдік құбырдың бойында орналасқан елді мекендерді газдандыруға, оның ішінде, Байқоңыр қаласына қазақстандық газды жеткізуге мүмкіндік берді», - дейді Энергетика министрі.

Нұрлан Ноғаевтың анықтамасы: Байқоңыр қаласы Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық бірлігі. Байқоңыр кешені жалға берілген кезеңде, яғни, 2050 жылға дейін Байқоңыр қаласына Ресей Федерациясынан федералды маңызы бар қаласының мәртебесі беріліп отыр. Осыған байланысты Байқоңыр бойынша өзара қарым-қатынастар заңдық тұрғыда екі мемлекеттің де құзыретіне жатады.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр сәуірде Ресей Федерациясына жасаған сапары кезінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасында Байқоңыр кешенін газбен жабдықтау туралы» келісімге қол қойылған.

Келісім нәтижесі бойынша, енді Байқоңыр тұрғындары бұрын Ресей жеткізіп отырған сұйытылған мұнай газынан табиғи газға ауыса алады.

«Бұған дейін Байқоңыр қаласын газбен, яғни, сұйытылған мұнай газы немесе пропанмен жабдықтау үшін Ресейдің «Газовая хозяйство» мекемесі жауапты болатын. Ол сұйытылған мұнай газын Ресей Федерациясынан жеткізіп отырған. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің ақпараты бойынша, сұйытылған газдың бағасы бір кг үшін 343 теңге немесе текше метрге шаққанда 714 теңгені құрайды», - дейді Нұрлан Ноғаев.

Жоғарыда айтылған үкіметаралық келісімге сәйкес, «ҚазТрансГаз» АҚ қала аумағында және Байқоңыр ғарыш айлағында табиғи газ өткізу құқығына ие болған. Әрі «ҚазТрансГаздың» бұл қызметі Ресейдің салық органдарында тіркелмей жүзеге асырылады.

«Келісімде «Байқоңыр қаласында табиғи газдың бөлшек сауда бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін ҚР монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуге тиіс» деп бекітілген. Бүгінгі күні Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы табиғи газдың бөлшек бағасы бір текше метр үшін 18,6 теңге, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін бір текше метр үшін 18,9 теңгені құрайды (қосымша құн салығын есептемегенде – авт.).

Ал, Байқоңыр қаласында тамақ әзірлеу үшін (бір пәтер үшін) шамамен 3-4 текше метр сұйытылған газ тұтынады. Оған 1700-2600 теңге арасында ақша төлейді. Ал соның орнына табиғи газ қостырып, тұрғындар сол көлемдегі табиғи газды тұтынғаны үшін 111-186 теңге төлейді. Бұл сұйытылған мұнай газынан он алты есе арзан», - дейді Нұрлан Ноғаев.

Қазір Байқоңыр қаласындағы барлық көпқабатты ғимараттарға, яғни, 328 тұрғын үй, 150 жеке үйдің қырық бесі, cондай-ақ қазақстандық әлеуметтік нысандар, үш балабақша, жалпы білім беретін бес мектеп және көпбейінді ауруханаға табиғи газ тартылған.

«Жаңа тұтынушылар пайда болған жағдайда, газ құбырларының өткізу мүмкіндігі оларды да табиғи газға қосуға мүмкіндік береді», - дейді министр.

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ ӘЛІ РЕСЕЙ БАЛАНСЫНДА

Байқоңырға жеткізілген табиғи газ әзірге тек тамақ әзірлеуге ғана қуатты. Ал, қала нысандары әлі күнге дейін жылу электр станциялары арқылы жылытылады. Министр Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Ресей тарапынан «ниет» керек.

Оның айтуынша, қазір Байқоңыр қаласындағы жылу электр станциялары сұйық мазутты (Ресей Федерациясы жеткізіп отырған – авт.) пайдаланады. Оның үстіне, жылу электр станциялары Ресей Федерациясының балансындағы мекеме.

«Мәселе әрине резонансты. Мен баяндамамда газ құбырының шамасы қосымша нысандарды газдандыруға жететінін атап өттім. Егер Ресей тарапы жылу электр станцияларын газдандыруға ниет білдіргенде дайын болу үшін бөлек орын (жылу электр станциясына қосуға болатын) қалдырдық. Егер Ресей Федеарциясы, дәлірек айтсақ, «Ресейкосмос» жылу электр станциясын газдандыруға ниет білдірсе, оған біздің техникалық мүмкіндігіміз бар», - деді Ноғаев.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары