Қаңтардағы бүліктен зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы қалай берілетіні айтылды

Әсел Оршыбекова

Бұл жұмыстармен Үкімет жанынан құрылған комиссия айналысып жатыр

Қаңтардағы бүліктен зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы қалай берілетіні айтылды
AP

Қаңтардағы бүлік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу механизмі бекітілді. Жекелеген өңірлердегі залалды жою мәселелері жөніндегі комиссияға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП мәлімдеді.

Бүгін Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев Zoom байланысы арқылы БАҚ өкілдеріне залалды өтеу механизмінің ережелерін баяндады.

Барышевтің айтуынша, залалды өтеу ақшамен, яғни кәсіпкердің банктік шотына тікелей аударыммен жүргізілетін болады. Әкімнің жетекшілік ететін орынбасары бастаған өңірлік комиссия қаражатты үлестіруге жауапты болады. Оның құрамына әкімдік, мәслихат, Мемлекеттік кірістер және қаржы мониторингі органдары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

«Өтеу сомасы бойынша 4 негізгі топ құрылды: біріншісі – ғимараттар мен құрылыстар,  екіншісі – жабдықтар мен жылжымалы мүлік, үшіншісі – тауарлар, төртіншісі – егер растайтын құжаттар болмаған жағдайда. Жоғалған мүліктің құны немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының бағасы өтеледі. Бірақ сақтандырылған мүлік бұл тізімге кірмейді. Тәртіпсіздіктер кезінде автомобильдерді жоюдың дәлелденген фактілерін қоспағанда, көлік құралдарын ұрлау жағдайлары қылмыстық заңнама шеңберінде тергеледі», - деді ол.

Өңірлік комиссиялар залалды өтеу жөніндегі өтінішті 5 күнтізбелік күн ішінде қарайды. Мақұлданған жағдайда, комиссия ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде қаражат бөлу туралы шешім шығарады және соманы айқындайды. Ақша өтініш берушіге шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде аударылады. Қаражат бюджеттік рәсімдерге сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген қолданыстағы немесе жинақ шотына түседі.

«Залалды өтеу туралы өтініш ЭЦҚ көмегімен InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы беріледі. Өтінішке міндетті түрде бірнеше, оның ішінде меншік құқығын растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс», - деді Максим Барышев.

Аударылаын соманың есебі залалдың 3 түрі бойынша жүргізіледі.

  • Бүлінген жылжымайтын мүлік бойынша: бүлінген жылжымайтын мүлікті қалпына келтіруге немесе жөндеуге арналған шығыстар есептеледі. Сәулет және қала құрылысы қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес жөндеу шығындарының сметасымен немесе калькуляциясымен расталады;
  • Бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік немесе ТМҚ (тауарлық-материалдық құндылықтар) бойынша: өтелетін сома бағалау және аудиторлық компанияларды бағалау туралы есепке (актіге) сүйене отырып есептеледі. Олардың тізілімін әкімдік немесе қор жасайды және тиісті сайттарда жарияланады.
  • Жоғалған (ұрланған) ТМҚ және жабдық бойынша: соманы есептеу Мемлекеттік кіріс органдары ұсынған, коэффициентке көбейтілген кәсіпкерлік субъектісінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде жүргізіледі.

«Егер кәсіпкер Өңірлік комиссия айқындайтын сомамен келіспесе, онда ол ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот-бухгалтерлік, Сот-тауартану немесе сот-құрылыс сараптамасымен белгіленетін нақты келтірілген залал бойынша соманы өтеуді мәлімдеуге мүмкіндігі болады», - деді Максим Барышев.

Бұл механизм 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істейтін болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.